384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде кейбір банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекаға қатысуды тиімсіз санайды

  • 713
  • UPD: 20:00, 23.10.2017

Елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекаларды субсидиялау жүйесі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, кейбір банк бұл бағдарламаға қатысуды тиімсіз санайды. Қазір тек 4 қаржы ұйымы белсенділік танытып отыр.

Жыл басынан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама бойынша үй алуға 700 адам өтініш білдірді. Бұл жоғары көрсеткіш емес. Себебі қазақстандықтар үшін баспананы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алу әлдеқайда тиімді болып тұр. Кейбір ірі қаржы ұйымдары да өзінің алдын ала келісілген міндеттерін орындаудан бас тартты. Себебі тиімсіз тұстары бар. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуге тура келеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Айта кетейік, биыл шамамен 100 мың пәтер қолданысқа беріледі деген жоспар бар.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: 

- Біз Ұлттық банк, кәсіпкерлер палатасы және қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, бұл бағдарлама бойынша өзгерістерді Үкіметке ұсынуымыз керек. Ипотекалық займдарды субсидиялау үшін Ұлттық қордан 10 миллиард теңге бөлінді. Алайда, келісім жасалған 10 банктің 4-і ғана халықпен жұмыс жүргізіп жатыр. Өйткені ипотека алған азаматтар ең алдымен негізгі қарызын, кейін пайыздық мөлшерлемесін төлейді. Ал қолданыстағы заңға сәйкес кепілдікке алынған жалғыз үйді тартып алуға болмайды.

Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасы да қызу талқыланды. Баяндамашының айтуынша, биыл елде 600 шақырым тас жол салынып бітеді. Олардың арасында Астана-Павлодар, Бейнеу-Ақтау, Ақтөбе - Атырау аралықтары бар. Жеңіс Қасымбек 2020 жылға дейін 6 жарым мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізілетінін жеткізді. Олардан түсетін табыс көлемі 30 миллиард теңге болмақ.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: 

- 2022 жылдың соңында бұл сома 45 миллиард теңгеге дейін жетеді. Табыс тас жолдардың жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылымын қамтамасыз етуге жеткілікті болады. Яғни, біз үкіметтен оған қосымша қаражат бөлмейміз. Биыл Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай учаскелеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталады. Біз осы жолдарда тестілік режимде ақылы жүйені іске қосып көреміз.

Министрлер кабинетінің алдында есеп бергендердің қатарында Қайрат Айтуғанов та болды. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары дәнді-дақылдар жинау науқаны уақытылы аяқталғанын айтты.  Биыл 21,9 миллион тонна астық ұсақталды. Алқап көлемі былтырмен салыстырғанда 1,1 миллион гектарға көп болды. 

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- 3,4 млн тонна арпа жиналды. Бағдарлама 600 мың тонна жоғары майлы дақылдар 80 пайыз алқап жиналды. Жинау қарқыны өткен жылдан  636 мың гектарға жоғары. 1,9 тонна майлы тұқымдар жиналды. Жылдық жоспарына сәйкес болып тұр.

Айтуғановтың мәлімдеуінше, егістіктерді әртараптандырудың арқасында табыс көлемі шамамен 2 есе  артып отыр. Сол себепті экспортқа жіберілетін өнімдерді де осы бағдарламаға енгізу керек. Қазір министрлік бұл жөнінде Сауд арабиясы, Иран, Израиль, Қытай елдерімен  келіссөз жүргізе бастады. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Дәурен Үмбетәлиев

Хабар 24 телеарнасы