384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындар Астанадан көшірілуі мүмкін

  • 879
  • UPD: 19:34, 31.10.2017

Ал 2020 жылға қарай елордаға келетін турист саны 2 миллионға жетуі тиіс.

Бүгін бұл мәселелер Үкімет отырысында қаралды. Атқарушы билік бас шаһарды дамыту жоспарын талқылап, Астана агломерациясы жобасын бекітті.

Астанада жыл сайын халық саны артып келеді. Әрі қала іргесіндегі өндіріс орындары бас қаламызды ластап жатыр. Осыны ескерген билік агломерация жобасын қолға алды. Оған Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары және Ақкөлдің 4 округі кіреді. Жалпы саны 124 елді мекенді қамтиды. Агломерация аумағы 21 мың 770 шаршы шақырым. Осылай деген Инвестициялар және даму министрі бұл шара қалада халық санын азайтуға септігін тигізеді деп отыр. Ал ірі өндіріс орындарын қаладан көшіру үшін индустриялық аймақ құрылады. 2030 жылы ірі кәсіпорындар сонда шоғырланады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Бірінші индустриялық аймақты Аршалы ауылына орналыстыру ұсынылып отыр. Өйткені Астана-Теміртау-Қарағанды бағытында қатынайтын теміржол торабының бел ортасында орналасқан. Екінші индустриялық аймақ Шортанды ауданындағы Төңкеріс ауылында тұрғызу қарастырлып жатыр. Себебі онда халықаралық жоғары жылдамдықты магистраль мен теміржол орналасқан. Үшінші индустриялық аймақты  Целиноград ауданына қарасты Жайнақ ауылында салу көзделген. Онда қалыптасқан инфрақұрылым мен жұмыс істеп тұрған қосалқы электр стансасы бар. Қазірдің өзінде өндірістік мақсатқа алаңы 100 гектар жер учаскесі бөлінді.

Министрдің сөзіне сенсек, бұл шара өнеркәсіптік өнім көлемін 144%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көрсеткіші 170%-ға ұлғаяды. Яғни Астана өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Құрылыс материалдары да агломерация аумағында орналасқан кәсіпорындардан шығарылады. Бастысы, экожүйе жақсарады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Біз жобада экологиялық ахуалды жақсарту үшін Астанаға газ құбырын жеткізуді ұсынып отырмыз. Әрине, нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Сондай-ақ апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында өрт сөндіру деполары мен тасқынға қарсы тұратын бөгеттер, Талапкер ауылында судан құтқару стансасын салу қажет.

Агломерация аумағындағы қазір 1 млн 200 мың адам тұрады. Бірақ  2030 жылға қарай халық саны 30%-ға артуы тиіс. Ал туристік нысандарды дамытқан кезде 2 300 қосымша жұмыс орны ашылады. Сәйкесінше ішкі туризм жыл сайын 5%-ға артып отырады. Дәл осы туризмді дамыту мәселесін Әсет Исекешев те сөз етті. Астана қаласының әкімі шаһарда ғарыш музейі, ботаникалық бақ, жабық аквапарк, ойын-сауық орталықтары мен спорттық нысандар салу жоспарланғанын жеткізді. Нәтижесінде 2020 жылға қарай елордаға ағылатын туристер саны 2  миллионға жетуі керек. Елге қонақтар көбіне Кавказ, Иран, Ресей мен Орталық Азия елдерінен келетін болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Мәдениет және спорт министрі

- Астананың туристік кластерін, оның ішінде медициналық, мәдени білім беру және іскерлік туризмді, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша жол картасы әзірленді. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары 4 бөлім және 33 іс-шарадан тұрады.

Курорттық аймақты дамыту үшін бюджеттен 61 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл шаралар елімізде білім мен медициналық туризм саласын дамытуға да ықпал етпек. 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев, Мейрамбек Ахмаханов

Хабар 24 телеарнасы