386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық ұлан сарбаздары Алматы облысында патрульдеу жұмыстарын жүргізеді

  • 1546
  • UPD: 17:43, 02.11.2017

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында биыл жыл басынан бері 2 мыңнан астам қылмыс тіркелді.

Осындай жағдайдан соң жергілікті полиция қоғамдық тәртіпті қадағалауға жәрдемдесуін сұрап, Ұлттық ұланға хат жазыпты. Осылайша, №66/54 әскери бөлімінің жауынгерлері енді аудан орталығы Есік қаласы мен Түрген және Қаракемер ауылдарында жаяу патрульдеу жасайтын болды.

Еңбекшіқазақ – Алматы облысындағы ең ірі аудан. Халық саны 350 мыңнан асады. Мысалы тек Есік қаласының өзінде 50 мың адам тұрады. Жыл басынан бері ауданда 2 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Олардың көбі қоғамдық орындар мен көшелерде болған.

Марат Күштібаев, облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Қылмыстың жағдайына байланысты зерделей келе, Қаракемерде орналасқан «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінің басшысының атына хат жолдап, ол кісілер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөліп отыр.

Патрульдеуге шықпас бұрын қашып жүрген баукеспе ұрылар мен басбұзар бұзақылардың тізімі оқылады. Сондай-ақ із-түссіз жоғалып кеткен адамдардың аты-жөндері жарияланады. Сондықтан қызмет атқару кезінде қырағылық қажет.

Сүйімхан Нұрбаева, Есік қаласының тұрғыны:

- Өте маңызды. Бала-шағамызға маңызды. Өсіп келе жатқан жасөспірімдерімізге маңызды. Мұндай тыныштық әрқашан болғаны жақсы. Бізге қылмыстың болмағаны керек.

Бағдәулет Оспанбеков, № 6654 әскери бөлімінің командирі:

- 150 адамнан жоғары жауынгер қызмет атқарады. Кешкі сағат 16:00-ден түнгі сағат 22:00-ге дейін біздің жауынгерлер Еңбекшіқазақ ауданында қызмет атқарады.

Білікті офицерлердің айтуынша, қылмыстың алдын алу мен оның ізін суытпай ашу маңызды. Осыған байланысты Ұлттық ұлан сарбаздары Есік қаласы, Түрген және Қаракемер ауылында 50 бағыт бойынша жаяу патрульдеу жүргізеді. Кезекшіліктің алғашқы күні өрескел заңбұзушылық немесе қылмыстық оқиға тіркелген жоқ.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы