386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тарас Шевченко туралы деректі фильм жарық көрді

  • 1293
  • UPD: 13:43, 04.11.2017

Шевченко – қазақ даласындағы данышпан. Қазақстанның Украинадағы елшілігінің ұйымдастыруымен түсірілген фильм осылай аталады. Деректі фильм  украин халқының ұлы перзенті, ақын, этнограф әрі суретші Тарас Шевченко туралы сыр шертеді.

Кинокартинада бірнеше энциклопедияға арқау болған құнды мәліметтер қамтылған.

Украина ғана емес, қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне әрі қылқалам өнеріне өлшеусіз үлес қосқан украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченко саналы ғұмырының 10 жылын Қазақстан, оның ішінде Маңғыстау, Арал, Қаратау өңірлерінде өткізген.

Бірқатар прозалық шығармасы мен өлеңі, салған суреттері қазақтың тұрмысымен сабақтас. Сондықтан оның әр туындысы қазақтың тарихына қажет, жан дүниесіне жақын.  «Шевченко  қазақ даласындағы данышпан» деп аталатын деректі фильм оның осы өңірлерде салған еңбектерін қамтыған. 

Василь Кремень,  Украина педагогикалық ғылымдар академиясының басшысы:

– Фильм барысында көп сөз айтылған жоқ, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен көмкерілген деректі фильм көңіліме әсер етті әрі толқыдым. Қазақстанда болған өмірі, сол жерде жазылған еңбектері тебірентті. Тарас Шевченконың шығармашылығы екі халыққа ортақ мұрағат. Суретші-ақынның еңбегінен қазақтың тұрмысын, сол кездегі ауыр тұрмысын көреміз. Екі ғасыр бұрынғы тарихы оқиғалар Шевченконың әр шығармасынан көрініс береді.

Шевченконы Украинаның қазақ жеріндегі алғашқы елшісі деп атауы тегін емес. Дәл Шевченконың туындысынан, оның салған суреттерінен көшпелі қазақтың болмысын тануға болады.

«Қазақстанның Украинадағы елшілігі мен украин режиссері бірігіп түсірген мұндай фильм мектеп оқушыларына да көрсетілуі қажет», – дейді тарихшы қауым. 

Евген Козак, «Шевченко қазақ даласындағы данышпан» фильмінің режиссері:

– Бастыпқыда кішкентай кітапша шығару жоспарда болған. Кейіннен кітап басу көзделді. Құнды мәліметке толы, үлкен жинаққа татитын дүниелер жиналды. Ақыры бір деректі фильмге арқау болатын, алтын қордан алынған құнды ақпараттар табылды. Қазақстанның Украинадағы елшілігі осы фильмнің жарыққа шығуына мұрындық болды. Көпшілікке ұнаған сияқты, демек картинаның келесі бөлімін көріп қалуларының әбден мүмкін.

Небары 47 жасында өмірден озған ақын әлем әдебиетінің алтын қорынан табылатын  қат-қат туындыларын қалдырып үлгерді. Елінің егемендігі үшін күрескен қайраткер ақынның шығармалары әлемнің 150 тіліне аударылған, бірқатар туындысы қазақтың тілінде жарық көрген.

Авторлары: Аида Қыдырбайқызы, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы