385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұщықұдық ауылдық орта мектебі жаңа жүйе бойынша білім беруде

  • 926
  • UPD: 15:26, 04.11.2017

Атырау облысы бойынша екі орта мектепте соңғы үш жылдан бері тәжірибелік бағыттағы оқу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Тұңғыш қолға алынған жоба бойынша, оқушыларға баға қойылмайды. Балалардың білім сапасы балдық жүйе арқылы анықталады.

Тәжірибелік мақсаттағы жобаның тиімділігін анықтау үшін қала мен ауылдан екі мектеп таңдап алынған болатын.  Жаңа жүйе бойынша сынақтан 1-2-3, 5 және 7 сынып оқушылары өтіп жатыр. Халықаралық талаптарға сай білім сапасы бақыланады. Сабақ үш тілде және 12 жылдық.  

Табила Игебайқызы, Тұщықұдық ауылдық орта мектебінің директоры:

– Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеясының өзі тәжірибеден теорияға келетіндігі. Яғни әрбір оқу мақсаттарын тәжірибе арқылы, іс-әрекет арқылы бала бойына сіңіреді. Сол арқылы оқушыдағы дағдыларды көріп біз қуанып отырмыз. Бағалау жүйесіндегі өзгеріс әрине кім-кімді де ойландырды, ата-ана да бұған күмәнмен қарады, мұғалімдер де қандай деңгейде болады деген күмән болған болатын басталған кезде. Енді 3 жылдың тәжірибесінің негізінде бағалау жүйесінің де нақты екендігіне, шынайы екендігіне көзіміз жетті.

Бүгінде бұл оқу жүйесі өз тиімділігін дәлелдей түскендей. Мұғалімдер де бұрынғыдай қағазбастылықтан құтылды. Аптасына бір рет ата-аналар жиналысы өтіп, баланың оқу үлгерімін тексере алады. Бұл ата-аналардың да білім беру ісіне баса мән беруіне түрткі болды.  

Мөлдір Мұхамбетова, ата-ана:

– Балаларымыз сабаққа келгенде сол күнгі сабақтың мақсатын біліп, сол мақсатқа жетуге талпынып, сол мақсатқа жетуге тырысады. Бірінші кезде бізде үрей болды, баламыз қалай сіңеді, қалай оқиды деп. Бірақ мектепке келгеннен кейін мұғалімдердің білімінің арқасында, балалардың өзінің зейінінің арқасында бұл жаңартылған білім бағдарламасы қиындық тудырған жоқ.

Меруерт жаңа жүйемен білім алып жатқан оқушылардың үздігі. Үш жыл ішінде жаңа жүйе арқылы өз білімінің жетілгенін айтады. «Сабақтар өте қызықты өтеді, күнделікті сабаққа жүйелі дайындалып келемін»,дейді.

Меруерт Жолдас, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің оқушысы:

– Мен – 3-ші апробациялық сыныбының оқушысымын. Осы уақыт аралығында оқу мақсаттарымен жұмыс жасай отырып, нәтижеге қол жеткізудеміз. Осы нәтиже арқылы айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым дағдысы қалыптасты. Біз бір-бірімізді әділ бағалауды, дискриптрмен жұмыс жасауды және топта, жұпта бірлесіп жұмыс жасауды дағдыға айналдырдық.

Сынақ кезеңі 2019-2020 жылдарға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тек 12 жылдық білімнің ғана емес, 11 жылдық білім беру жүйесінің стандарты да қатар жүреді. Жаңа білім беру жүйесін жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында білікті мамандарды даярлау ісі қолға алынады. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы