389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада «Соғымға дайындық» жобасы бастау алды

  • 799
  • UPD: 23:24, 06.11.2017

Соғымға дайындық.

Астанада осындай атаумен жаңа жоба бастау алды. Дәлірек айтқанда енді елордалықтарды ет өнімдерімен Ақмола облысының төрт бірдей ауданы қамтымақ. 40-қа жуық шаруа қожалығы 2 мың бас ірі қара мал етін дайындап қойыпты. «Сондай-ақ «Астананың азық-түлік белдеуі» аясында жыл соңына дейін құны 10 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асады»,дейді мамандар.

«Соғымға дайындық» жобасына Ақмола облысының Целиноград ауданындағы азық-түлік және мал сататын әмбебап базарының басшылығы атсалысып жатыр. Астана іргесіндегі Қосшы ауылының маңында орналасқан сауда кешенінің жалпы аумағы – 6 гектар. Онда бордақыланатын малды қамап ұстайтын 15 ашық қора да қарастырылған. Барлығы 200 жылқы, 1 000 бас ірі қара мен 3 мың қой-ешкі семіртіліп жатыр.

Айдар Нығметов, мал базарының басшысы:

- Бұл бағдарламаға алғаш рет қатысып отырмыз. Базарда көкөніс, жеміс-жидек, ет пен сүт өнімдері, балық, арпа мен күнделікті тұтынатын заттар сатылады. Шұжық цехында ет өнімдерінің сүрленген және жартылай сүрленген 50 түрі шығарылады. Цехтың қуаттылығы тәулігіне 2 тонна ет. Ал жеміс-жидек пен көкөніс қоймасы мың тонна өнім сақтауға қауқарлы. Келер жылдан бастап ет комбинатын іске қосамыз.

Сағади Нығмет, мал базарының демеушісі:

- Атам заманнан келе жатқан әдіс бұл – шөп, жем, таза су. Мінеки соның бәрін біз орындап келе жатырмыз. Бүгінде «Алтын таға» сапалы ет сатуға әзір.

Қойманың іші 2 салқындатқыш кешенмен жабдықталған. Сондай-ақ сырттан келген саудагерлер үшін 120 адамға жатақхана, 100 орындық асхана және 200 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған.

Мұрат Балпан, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Ақмола облысының барлық ауданы Астананың азық-түлік белдеуіне кіреді. Елбасы қойған тапсырмаға сәйкес, биыл 10,5 млрд теңгеге 17 жоба іске асырылып жатыр. Оның жетеуі қарқынды орындалып келеді. Солардың бірі осы жоба. Жыл соңына дейін қалғандары қолға алынады деп жоспарланып отыр.

Мұрат Балпанның айтуынша, Шортанды, Ерейментау, Аршалы және Целиноград аудандарының 37 шаруа қожалығы қала тұрғындарын 2 мың бас ірі қара мал етімен қамтамасыз етуге әзір. Ал желтоқсан айында базар аумағынан ашылатын 3 арнайы азық-түлік дүкенінен бірінші қажеттіліктегі тауарларды арзан бағаға сатып алуға болады. Ірі қара мал етінен бөлек, қоян еті де Астанада саудаланбақ. Алайда серіктестіктің бас зоотехнигі Мейрам Әбішевтің айтуынша, еттің бұл түріне сұраныс төмендемесе, жоғарыламаған. «Тек мейрамхана мен дәмханалардың арнайы тапсырыстары арқылы табыс тауып отырмыз», – дейді маман.

Мейрам Әбішев, серіктестіктің бас зоотехнигі:

- Сұраныс артса, қоян санын да өсіреміз. Мұнда «Күмістей», «Ақ алып», «Кеңестік шиншилла» асылтұқымды қояндардың саны мың жарымнан асады. Қоян етінің келісі 2 мың теңгені құрайды. Тұтынушылардың көбеймей тұрғаны да сондықтан деп ойлаймыз. Алайда шығынға батпас үшін бағаны бұдан төмен түсіре алмаймыз. Вакцинацияға жұмсалатын қаражат жағынан мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктер болса екен.

Ал Аршалы ауданында жуырда іске қосылған бұл макарон фабрикасы Астана мен Қарағанды тұрғындарына жоғары сұрыпты ұн өнімін қолжетімді бағамен ұсынып келеді.

Мирлан Алтынбек, twitter@mickthatsmynick:

- Ашылғанына небәрі 2 ай болған бұл фабрикада осы күнге дейін 20 мың тонна макарон өндірілді. Десе де бұл фабрикадағы өндіріс қуаттылығы тәулігіне 28 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстан елдеріне экспорттау жоспарда бар.

Құны 2 млрд теңгеден асатын италиялық аппарат сағатына 500 кг макарон өндіреді. Аумағы 3 мың шаршы метрді алатын кешенмен қатар тәулігіне 200 тонна ұн тартатын диірмені де бар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы