389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда көне латын қарпіндегі құжаттар көрмесі өтті

  • 608
  • UPD: 13:47, 08.11.2017

Латын әліпбиіне көшу арқылы төл тарихымыз тың деректермен толығады.

Оған себеп 1929-1940 жылдары елімізде барлық құжаттар латын әрпімен жазылғандықтан, оларды екінің бірі оқи алмайтын. Бүгінгі ұрпақ мұндай құнды деректерден қалыс қалмауы тиіс. Сондықтан Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі көпшілік назарына көне құжаттарды ұсына бастады.

Еңбек кітапшасы, түрлі марапаттар мен мандаттар, майдан даласынан жазылған хаттар. Бұл мұнайлы өңірдің өткенінен сыр шертетін шежірелер топтамасы. Қазақстан 1940 жылы жаппай жаңа әліпбиге көшкенімен, көпшілік байырғы латын тілін қолданыстан шығара қоймаған. Оған мына майдан даласынан жазылған жауынгер хаттары куә.

Мереке Кендебаева, музей қызметкері:

– Латын тіліндегі құжаттардың ең құндысы Шоқан Қаржауовтың 1942 жылы майданнан жұбайына жазған хаты болып табылады.

Латын тіліндегі осынау сарғайған құжаттарға аға буын өкілдері ерекше назар аударады. Өйткені бұл буын – латын әліпбиінен кириллицаға көшуді бастарынан өткізген алғашқы қарлығаштар.

Толыбай Базарбаев, аға буын өкілі:

– Мен бірінші класқа барғанда кирилицаға бірден көштік. Енді қазір алдымызға 8 жыл беріп отырғанына көшуге бұл оңайырақ болады деп есептеймін.

«Бүгінгі жас буынға латын тілі жат емес. Себебі компьютерді тізгіндеп, ағылшын тілін еркін оқитындар үшін бұл аса қиындық туғызбайды», – дейді олар

Жұмагүл Сағитова, студент:

– 29 жылы араб тілінен латынға көшу қиын болған екен. Бірақ қазіргі уақытта кириллицадан латын тіліне көшу оңай деп ойлаймын.

Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде латын тілінде толтырылған түрлі құжаттар енді жарыққа шығарыла бастапты. 30-40 жылдардағы өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлерге қызығушылық басым. Сол себепті облыстық музей арнайы көрме жасақтап, сұрапталған құжаттарды көпшілік назарына ұсынуда.

Айсана Бағытжанова, өлке тарихын зерттеу бөлімінің меңгерушісі

– Мұндай құжаттар біздің ғылыми қорымызда мыңдап саналады. Әсіресе 1937жылғы репрессияға қатысты құжаттарды жарыққа шығаратын болсақ, біз көптеген құнды деректерді ашамыз деген ойдамын.

Шынында да «тарихи ақтаңдақтар» атанып келген қуғын-сүргін жылдарындағы құжаттарда талай шежіре жатыр. Осыны ескерген тарихшылар латын тілінде жазылған түрлі қолжазбаларды өңдеп, баспаға дайындауға кірісті. Еліміз латын әліпбиіне көшкен соң, олар көпшілікке қолжетімді болары анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы