383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты өз ойларын айтты

  • 580
  • UPD: 22:10, 08.11.2017

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер қоғамда бір жылдан астам уақыт талқыланды.

Жұмыс тобының құрамына Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, үкіметтік емес және шетелдік ұйымдардың өкілдері енгізіліп, құжаттың мейлінше тиянақты әзірленуіне көңіл бөлінді. Қазір сол заң жобасын талқылауға тікелей қатысқан сарапшылардың пікірлеріне тоқталсақ.

Арманжан Байтасов, «Қазақстандық медиа альянс» РҚБ ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

– Бұл заң жобасы шынымен де медиа саласындағы сарапшылардың қатысуымен кеңінен талқыланғанын көріп отырмын. Өйткені медиа саласының қамтитын қызмет аясы үлкен. Сондықтан Қазақстанның ғана емес, шетелдің де мамандары жұмылдырылған. Мен әрбір тармағының егжей-тегжейлі жазылып жатқанын көрдім. Парламент депутаттарының барлық сарапшыларды және кәсіби қауымдастық өкілдерін мұқият тыңдағанын байқадым. Және де олар медиа саласының кәсіпқойлары ұсынған ақпарат пен олардың алаңдаушылығын қабылдауға дайын. Өз басыма Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері жасаған баяндама ұнады. Олардың жақсы жұмыс істегені көрініп тұр. Олар дүние жүзіндегі медиакомпаниялардың қызметін реттейтін заңдардың қалай жұмыс істейтіні жөнінде жақсы салыстырмалы сараптама жасап, жоғары деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарға лайықты бағасын беріп отыр. Жалпы енгізілетін түзетулердің өзі өте жақсы зерделенуде. БАҚ туралы заңға енетін өзгерістер жөнінде айтсам, бұл жайында көп әңгіме болды. Бірақ менің пікірімше, бұл – қажет нәрсе. Өйткені біз қаласақ та, қаламасақ та уақыт өзінің өзгерістерін енгізіп отыр. Қазір әлем соншалықты жылдам өзгеріп барады. Сол себепті менің және көптеген сарапшының пікірінше, құжат өте жақсы, жоғары деңгейде дайындалып жатыр. Және де ол заман талабына сай келеді әрі жалпы медиа кеңістігіне пайдасын тигізеді.

Ольга Диденко, Internews Kazakhstan заңгері:

– Бұл заң жобасы Ақпарат және коммуникация министрлігінде дайындалып, ҚР Парламенті Мәжілісінде ашық талқыланды. Ақпарат және коммуникация туралы заң жобасы тек БАҚ пен мемлекеттік мекемелер үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін аса маңызды. Депутаттар біздің БАҚ-тарға қойылар әкімшілік талаптарды азайту жөніндегі ұсыныстарымыз бен түзетулерді қолдады. Қазір біз қоғамға маңызды ақпарат алу кезінде журналистер сұрағына жауап беруге кететін уақыттың неғұрлым қысқа болуы жөнінде мәселені көтеріп жатырмыз. Мысалы, қоғам қауіпсіздігін сақтайтын мәлімдеме немесе төтенше жағдай туралы ақпарат алу ешқандай кедергісіз жылдам берілуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы