389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы 21 құтқару қызметі қыс мезгіліне дайындығын паш етті

  • 539
  • UPD: 19:47, 09.11.2017

Астанадағы құтқару қызметтері қыс мезгіліне сақадай сай.

Бүгін елордада «Қыс-2017» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өтті. Дайындық барысын бағамдайтын шараға 31 техника мен 125 маман қатысты.

Хабарлама келсе, Астананың кез келген құтқару қызметі осы уақыт ішінде оқиға орнына жетуі тиіс. Қарлы боран кезінде бұл міндетті орындау оңайға соқпайды. Бүгін елордалық 21 құтқару қызметі қыс мезгіліне дайындығы деңгейін жұртқа паш етті.

Барат Дұзақпаев, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Мұндай шаралар жылына 2 рет өткізіледі. Қыста және көктемде құтқару қызметтерінің дайындығын тексереміз. Ең алдымен, барлығын таңғы 8-де жинап, әр қызмет өкілдеріне мақсат-міндеттерін түсіндірдік.

Астанадағы жаттығу орталығына 125 маманнан құрылған жедел жасақ тобы шықты. Олар арнайы ұйымдастырылған 6 алаңда автобус жолаушыларын эвакуациялау, жол-көлік оқиғалары кезінде өрт сөндіру, адамдарды іздестіру, мұз ойығына түсіп кеткен балықшыларды құтқару сынды жаттығуларды орындап шықты. Шара ертең де жалғасады. Оны қорыта келе Төтенше жағдайлар департаменті баға береді. Анықталған олқылықтар тез арада жойылуы тиіс.

Елдор Райымбеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:

- Ең жиі кездесетін оқиғалар жол үстіндегі кептеліс. Көліктер, автобустар. 2017 жылы ақпан айында Астана қаласының құтқарушыларымен Қабанбай батыр ауылынан 108 адам құтқарылды. Осындай боран кезінде.

Бүгінгі оқу-жаттығуға 43 техника жұмылдырылды. Олар медициналық жәрдем көрсету, құтқару және өрт сөндіру құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Ал аяқ астынан болатын төтенше жағдайларға елорда бюджетінде 600 млн теңгеден астам қаржы қаралған. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы