387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда жаңа нысандар ашылды

  • 800
  • UPD: 20:26, 10.11.2017

Алматы облысының орталығы Талдықорғанда салтанат сарайы мен заманауи көрме кешені ашылды.

Жаңадан пайдалануға берілген бұл ғимараттарда болашақта салтанатты шаралар, түрлі көрмелермен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі жиындар өтетін болады. Халық игілігіне тапсырылған әлеуметтік нысандар Жетісу төрі Талдықорғанның көркіне көрік қосып, ажарын арттыра түскендей.

Талдықорған қаласында бой көтерген салтанат сарайының лентасын гауһар тойын атап өтіп жатқан жұп пен болашаққа қол ұстасып, бірге қадам басқан жас шаңырақ иелері кесіп берді. Ғимараттың жалпы аумағы – 3 500 шаршы метр. Оның құрылысына жергілікті қазынадан 1 млрд 360 млн теңге бөлінген. Ішінде күйеу жігіт пен қалыңдыққа арналған бөлме, неке қию және мәжіліс залы, сондай-ақ 350 орындық мейрамханасы бар.

Бүгін мұнда 15 жұптың некесі қиылды. Оларға алтын тойы мен гауһар тойын атап өтіп жатқан ата-әжелеріміз ақ батасын беріп, тілектерін айтты.

Айтжамал Мұқаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Біз 60 жыл бірге тұрдық. Өмірдің қиындығына да, ащысына да, тұщысына да көндік. Сол сияқты жастар бір-біріне шыдамды болса екен. Бәріне төзімді болса екен дейміз.

Мадияр Ерланұлы, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Дәл бүгінгі күнге түсіп тұрмыз. Осындай үлкен ғимарат сарайында некемізді қиып жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Талдықорғанда заманауи көрме кешені де салтанатты жағдайда ашылды. Оның жалпы аумағы 4 500 шаршы метр. Ішіне 300-ге жуық адам сыяды. Бүгін мұнда отандық тауар өндірушілер көрмесі өтті. Болашақта бұл ғимараттарда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол өз кезегінде инвестициялық ахуалды жақсартып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы