386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өзені Финляндиядан жеткізілген құрылғымен тазартылып жатыр

  • 1870
  • UPD: 22:03, 11.11.2017

Үш бірдей мемлекеттің тіршілік көзіне айналған Ертіс өзені арқылы Ресей мен Қазақстан арасында сауда айналымы артып келеді.

Көрші мемлекетке өзен арқылы шағыл, көмір, тұз тасымалданады. Ресейден Қазақстанға ағаш жеткізіледі. Соңғы екі жылда өзен арқылы жүк тасу көлемі екі есеге өскен. Алайда судың таяздығы үлкен кемелердің еркін жүруіне кедергі. Сондықтан Павлодардың «Өзен порты» соңғы жылдары өзенді тазалау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Таяуда жаңа құралға қол жеткізді. Енді жұмыс қарқыны арта түспек.

Жылдан жылға ластанып бара жатқан Ертіс өзенін тазартуға әмбебап кешеннің көмегі зор болмақ. Земснаряд гидротехникалық жұмыстардың кең түрін атқарады. Ол өзен арнасын кеңейтіп, түбін тереңдетеді және балдырлардан тазартады. Ең бастысы, мамандар оның қоршаған ортаға еш зияны жоқ деп отыр.

Юрий Гусаренко, земснарядтың командирі:

– «Классик 4» деп аталатын бұрынғы үлгінің қуаттылығы сағатына 550-600 текше метр болатын. Ал мына техниканың өнімділігі сағатына 1000 текше метрді құрайды. Енді өзеннің түбін тереңдету мен тазарту жұмыстарының қарқыны екі есеге артады.

Жаңа земснаряд Финляндиядан жеткізілді. Сол елден келген нұсқаушы Гарри Тайнио жергілікті мамандарға жаңа техниканың қыр-сырын үйретеді. Құны қымбатқа түскенімен, әмбебап кешеннің тиімділігі жоғары.

Гарри Тайнио, нұсқаушы:

– Мен земснарядтардың саны өскеніне қуанамын. Бұл өзенді тазарту жұмысының үздіксіз жүріп жатқанын көрсетеді. Қазақстан осы деңгейде жұмысты жалғастыра берсе екен деймін. Жуық болашақта өзен жолдарының аясы кеңейе түсетініне сенемін.

Павлодардың «Өзен порты» ағымдағы жылы Ертіс арқылы екі миллион тоннаға жуық жүк тасымалдаған. Оның көлемін арттыруға болар еді. Бірақ ірі жүк кемелері таяз суда жүре алмайды. Бұл мәселе 2012 жылы Павлодарда өткен Қазақстан мен Ресей шекараралық ынтымақтастық форумында көтеріліп, су жолдарын дамыту туралы келісім жасалған еді. Бірақ көрші мемлекет асығатын емес.

Төлеген Күлжанов, «Павлодар өзен порты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Павлодар өзен порты үлкен жұмыстарға қатысып отыр. Біз 20 жоба жүргіздік. Олар – Ертіс өзенін тазалау, оның сағаларын тазалау. Жайық өзенін де, мынау біздің кішкентай Усолка деген өзеніміз бар соны тазалауда.

Бес жылда Қазақстанның 250 шақырымдай өзендері тазартылып, тереңдетілген. Бұл жұмыстар кеме жолдарын дамытуға аз да болса, үлесін қосып отыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы