380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үйге жапсарлас салынған дәмхананың дауы бітер емес

  • 474
  • UPD: 13:23, 14.11.2017

Көпқабатты үйге жапсарлас салынған дәмхананың ойын-сауығы мен кәуап иісі тұрғындарды мезі етті.

Қызылорда қаласындағы Скатков көшесі 96-шы үйдің жағдайы бұл. Тұрғындар 7 жылдан бері өздерін қажытқан кәсіпкермен дауласып әлек.

Көңіл көтергендердің шуынан түні бойы көз ілмей шығатын бірнеше отбасы құзырлы мекемелерге арыз-шағым да түсірген. Бірақ жауап жоқ. Жазғы алаңқайы бар дәмхана 2010 жылы үйдің іргесінен ашылды. Күндіз-түні адам аяғы үзілмейтін бұл жерден жанжал да бітпейді екен.

Пелагея Лихачёва, қала тұрғыны:

Түтін пәтерге кіріп, таза ауамен тыныстауымыз мұң. Аулаға шыға алмай қалдық. Мен төменгі қабатта тұрамын. Бар түтін үйдің бұрышындағы менің тереземе қарай соғады. Кіреберісте сондай.   

Бүгінде балалар асыр салып ойнаудан, зейнеткерлер күншуақта демалудан қалды. Әсіресе басы ауырып, балтыры сыздайтын қарияларға қиын соғып отыр. 78 жастағы денсаулық сақтау саласының ардагері Людмила Лукьянова өткен жылы жүрек талмасын бастан өткізді. Кәсіпкерге өтінішін айтқан екен, ол мүлдем құлақ аспапты. 

Людмила Лукьянова, қала тұрғыны:

– Таңға дейін айқай-шу, дәрімді ішіп, далаға шығып, айналайындар, тыныштық беріңдерші десек, өзіңе лап беріп, жаға ұстасуға дейін дайын тұрады.

Осыдан 2 ай бұрын кәсіпкерлік нысанға өрт сөндірушілер тексеріс жүргізеді. Содан тек мұржаның ақауы бар деген шешім шығарып берген.

Айнагүл Боранқұлова, қала тұрғыны:

– Екі ортада кәуәп пісіретін жерін мына пластикке қарай қойып, үйге қарай кіріп жатыр түтін. Мен 2-ші қабатта тұрамын. Ол егер пластикке тиіп кетсе, өрт болады ғой. Сосын өрттен кейін біз не боламыз?

Дәмхана иесі тұрғындар шағымына жауап беруден үнемі жалтарады. Арыздың бір данасы тиген қала әкімдігінің қызметкерлері нысанды тексеріп, нәтижесінде қосымша құрылысты заңсыз деп тапты.

Жақсылық Ержанов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Қосымша құрылыс нысаны кондоминиум жер учаскесінде орналасқандықтан, қала әкімдігі тарапынан сот органдарына аталған қосымша құрылысты бұздыртуға талап-арызбен жүгіне алмай жатыр. Сол себептен аталған құрылысты бұздырту жөнінде кондоминимум иелері өздері тарапынан сотқа беруге құқылы.

Ольга Миличкина, қала тұрғыны:

– Шаршатты әбден, бізге келеді, көреді, уәдені үйіп-төгіп кетеді. Құрылыс заңсыз деп тапты, егер кәсіпкер өз еркімен жағдайды реттемесе, 2 аптадан кейін өзіміз алып тастаймыз деген. Баяғы жартас – сол жартас. Өзгерген дым жоқ, бәрі сол күйде.

7 жылға созылған дау журналистер назарына іліккелі бері кәсіпкер тұрғындарға қоқан-лоққы көрсете бастаған. Ешқайда сөзін өткізе алмай, тауы шағылған жұрт заң органдарынан көмек сұрайды. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы