387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ресей теміржолы» компаниясы Қазақстанда жасалған өнімдерді алатын болды

  • 764
  • UPD: 13:41, 17.11.2017

Теміржол желілерін жаңғыртуды бастаған «Ресей теміржолы» компаниясы «Ақтөбе рельс-Арқалық зауытының» өнімдерін алатын болды.

Ақтөбеде өткен Қазақстан-Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-отырысында екі жақ арнайы меморандумға қол қойды. Отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов қатысты. «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы «Р-65» стандартымен теміржол рельстерін шығаратын жалғыз кешен. Осы жылдың 9 айында кәсіпорында 31,2 млрд теңгеге 116,4 мың тонна рельс өнімі шығарылды. Зауыт Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан елдеріне өнім экспорттап отыр. Енді көршілес Ресей кәсіпорнынан тапсырыс түсе бастады. Орталық Азияда теңдесі жоқ кешен жылына 200 мың тонна таза рельс және 230 мың тонна арқалық бұйымдарын шығарады. Зауыт келесі жылдан бастап толық қуаттылықпен жұмыс істейді. Үкіметаралық комиссия отырысында екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту жолдары да сараланды. Ол үшін қолайлы жағдай мен мол мүмкіндік бар. Мысалы, тек Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 25 жыл ішінде 12 есеге ұлғайып, 862 млн долларға жеткен.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Биыл біздің елмен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптес мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 30%-ға өсті. Ал осы экономикалық құрылым құрамындағы елдерге экспорт көлемі 40%-ға артып отыр. Яғни интеграциялық ұйым белгілі бір жетістікке жетті деуге болады.

Игорь Шувалов, РФ Үкімет төрағасының бірінші орынбасары:

- Екі ел көшбасшысы кооперация мен интеграцияны дамыту қажеттігін әркез айтып жүреді. «Рельс-арқалық» зауыты – осы идеяның орындалғанының бір көрінісі. Дайын өнім Ақтөбеде шығады. Зауыттың заманауи бұйымдарын әлемнің көптеген елдері пайдаланады деген үміттемін. Оның ішінде біз Ресей мұндай сапалы тауарды сатып алуға дайынбыз. 

Өңірге жұмыс сапары барысында комиссия мүшелері шығармашылық академиясын аралап көрді. Аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын бұл әлеуметтік нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Мұнда балаларды дамытуға арналған ондаған үйірме жұмыс жасайды.

Хабар 24 телеарнасы