386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде халықаралық форум өтеді

  • 1088
  • UPD: 08:08, 18.11.2017

Алдағы жылы Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде халықаралық форум өтеді.

Бұл туралы Сеулде өткен Азия және Тынық мұхиты өңіріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық конференцияның қатысушылары келісімге келді. Осы ұйымға мүше 31 елдің 350-ден аса өкілі жастарға адал білім беру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бизнес пен азаматтық қоғаммен әріптестік орнатуды талқылаған. Жиында Индонезия, Қытай, Вьетнам және Кореяның осы бағыттағы жетістіктері де айтылды. Бұл тұрғыда Оңтүстік Корея Азия-Тынық мұхиты аймағының көптеген мемлекетіне үлгі болып тұр. Бұл елде Президент Пак Кын Хэнің отставкаға кетуіне әкелген сыбайлас жемқорлық бойынша тергеу әлі де жалғасып отыр.

Сондай-ақ Оңтүстік Кореяда бір жылдан астам уақыт бойы «Ким Ён Ран заңы» қолданылып келеді. Ол осы ереженің бастамашысы Жоғарғы соттың бұрынғы мүшесінің құрметіне аталған. Аталған заң бойынша  мемлекеттік қызметкерлерге, журналистер мен мұғалімдерге және олардың жұбайларына құны 27 доллардан асатын сый-дәм және 40 доллардан сыйлық алуға тыйым салынған.

Пак Кенг Хо, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның вице-төрағасы:

- Келесі мәжілісті Қазақстанда өткізуді көздеп отырмыз. Оның табысты болатынына сенемін. Форум өтетін уақыт әлі белгіленген жоқ. Хатшылық мақұлдағаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің барлық мүшесіне шақыру қағазын жібереміз. Басқосудың өтуі еліңізді одан әрі дамытуға, сондай-ақ көптеген шетелдік азаматтардың Орталық Азияның бірегей мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы