386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық қоғам белсенділері: Атамбаевты нон грата тұлға деп тану керек

  • 901
  • UPD: 22:04, 21.11.2017

Қазақстандық қоғам белсенділері Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевты нон грата тұлға деп тануды ұсынып отыр.

Себебі ол жоғары дәрежелі қызметіне сай келмейтін мәлімдемелер жасап, Қазақстанның мәртебесіне нұқсан келтірді. «Тіпті екі ел арасына іріткі салып, дипломатиялық қарым-қатынасқа сызат түсірді», – дейді олар.

Жақын күндері Қырғыз Республикасының бұрынғы президентіне айналатын Алмазбек Атамбаев жоғары дәрежелі қызметті 6 жылдан бері атқарып келіп, қорытынды баспасөз-мәслихатында шаршап-шалдыққанын айтты. Бірақ саясаткерлер мен сарапшылардың сөзіне сенсек, Президенттің жүйкесі де психологиялық аурудың салдарынан сыр берген көрінеді. Себебі ол қызметінен кетер тұста көршілес мемлекеттермен көп жылдан бері қалыптасқан дәстүрді бұзып, қарым-қатынасты үзуге тырысты. Ол аз дегендей, өз пікіріне өзі қайшы келіп, саяси сахнада екіжүзділігімен танылды.

Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының Президенті:

– Қазақстанға жасаған әрбір сапарымнан сабақ алып қайтамын. Себебі Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Сіздердің бізге деген назарларыңыз бен жасап жатқан қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз.

Бұл – 2014 жылы 7 қарашада Алмазбек Атамбаевтың елімізге жасаған ресми сапары. Осы кездесуде ол Қазақстанның әлеуметтік һәм экономикалық дамуына таңырқап, таңдай қаққан. Тіпті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «ағатайым» деп ағынан жарылып, Қырғызстанның ең мәртебелі марапатын табыстап кетті. Сол кезгі жылы жүздесуден Алмазбек Атамбаевтың біздің ел тарапына қазіргідей қисынсыз мәлімдеме жасайтынын болжап білу мүмкін емес еді. Жалпы Қырғыз басшысының соңғы кездердегі әрекетінен іріткі салу ниеті анық байқалады. Күні кеше өткен баспасөз-мәслихатында да ол бұл арам пиғылын тағы жариялады.

Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан бізге кедендік шектеу қойып отыр. Мен болашаққа жақсы сабақ бергеніме өкінбеймін. Көрші елдер біздің ішкі ісімізге араласпас бұрын ойланатын болды. Қазақстан қасақана кедергі жасағанмен, бұдан біз тек күшті бола түсеміз.

Кезінде Қырғыз жерінде қызмет еткен АҚШ елшісі Стивен Янг Атамбаевтың психикалық ауруға шалдыққанын дәлел-дәйегімен жеткізді. «Президентке лайықсыз мінез-құлық көрсетіп, кез келген әңгіменің байыбына бармай сөйлеуі сондықтан», – деген еді саясаткер. Қырғыз басшысына қатысты мұндай мәлімдемені қазақстандық қоғам да жоққа шығармайды.

Ғалым Байтұқ, қоғам қайраткері:

Атамбаев ішімдік ішкенді ұнатады. Бұны дәлелдейтін бейнежазбалар жетіп артылады. Ол тіпті қандай да бір сырқатпен ауырады деп ойлаймын.

Қырғыз басшысы ел басқарған 6 жыл ішінде көреген басшы ретінде өзін көрсете алмады. Оның басты қорқынышы да осы. Сарапшылардың айтуынша, Атамбаев мәжбүрлі түрде көрші мемлекеттерге қатысты қисынсыз мәлімдеме жасап, бар назарды соған аудартқысы келді.

Ғалым Байтұқ, қоғам қайраткері:

Атамбаев енді Қазақстанға қарсы қашанда қисынсыз мәлімдеме жасайтын кейбір қарсы тараптардың қолшоқпарына айналуы мүмкін. Яғни саяси троль пайда болады деген сөз. Сондықтан біздің Сыртқы ведомство Алмазбек Атамбаевты нон грата тұлға деп тану мәселесіне көңіл аударуы керек деп ойлаймын.

Алмазбек Атамбаевқа жауап ретінде саясаткерлер де пікір білдірді. Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз басшысының айтқандарын «лас шабуыл» деп бағалады. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин оның ішкі мәдениеті таяз тұлға екенін алға тартты. Сол секілді «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед те жауапсыз қалмады. Ол айыр қалпақты ағайын басшысының қарама-қайшы мәлімдемелерін саралап, тегін білмейтін тұлға екенін дәлелдеді. Дегенмен Алмазбек Атамбаев бірер күннен кейін Президенттік тағынан түседі. Сарапшылар: «Ол қызметтен кеткенімен, саяси сахнада қала береді», – деп болжап отыр. Яғни екі ел арасындағы байланыстың бұдан былай қалай өрбитіні беймәлім күйде қалмақ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

 

Хабар 24 телеарнасы