389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында үш бірдей әлеуметтік нысан бой көтереді

  • 702
  • UPD: 11:43, 22.11.2017

Ақтөбе қаласына қарасты Ақшат ауылында 3 бірдей әлеуметтік нысан салынып жатыр.

Облыс орталығынан 20 шақырым жердегі ауыл сәулетіне сәулет қосып келеді. Тұрғындарға жер телімі беріліп, құрылыс қарқын алған. Ал ауыл кәсіпкері өз қаражатына 120 орындық балабақша салып жатыр.

Ауылдықтардың көбі облыс орталығына қатынап, жұмыс істейді. Атасы мен әжесі бар бала болмаса, қалғаны қаладағы балабақшаларға барады. Бүлдіршіндерді таң атпай автобуспен қалаға жеткізу оңай емес. Ақшатта мектепке дейінгі жастағы 133 бала бар.

Меруерт Сұлтанбекова, ауыл тұрғыны:

– Қалаға мен өз немерелерімді тасимын. Қазір көп бала қайда барарын білмейді. Жағдайы келетіндер қалаға тасиды. Қыста қиын. Автобус бірде келеді, бірде келмейді. Тоңып, балалар ауырып қалады.

Ауылда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер 50 млн теңге қаражат шығарып, аумағы 1000 шаршы метр болатын заманауи ғимарат салып жатыр. Нысан алдағы жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі. Балабақша мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Ғимарат жанында шағын спорт зал болады. Онда ауыл балалары жекпе-жек өнерімен шұғылданады.

Нұрбек Ақылбаев, кәсіпкер:

– Ауыл көркейіп, үйлер салынып жатыр. Сондықтан 120 балаға көмегіміз болсын деп, балабақшаны салып жатырмыз. Құрылысқа өзіміздің Қазақстанда өндіріліп жатқан материалдарды пайдаланудамыз.

Ауылда тек бастауыш мектеп жұмыс істеп тұр. 80 оқушы ескі ғимаратта екі ауысыммен білім алады. Жоғары сыныпқа көшкен 77 оқушы көршілес Ақжар ауылындағы мектепке барады. 1000-ға жуық халқы бар ауылда зәулім мектеп ғимараты салынып жатыр. Республикалық бюджеттен 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Су жаңа мектеп жыл аяғында пайдалануға беріледі

Бақұзақ Дарин, Благодар ауылдық округінің әкімі:

– Енді Ақшат-2 жаңа құрылыс ауданында 389 жаңа жер берілді. Газбен жабдықтау жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Одан басқа алдағы уақытта Ақшат-3 жаңа құрылыс ауданы пайда болады. Онда да 1000-ға тарта жер телімі таратылып, кезекте тұрғандарға беріледі.

Білім беру мекемелерімен қатар ауылда дәрігерлік-амбулаториялық пункт салынып жатыр. Мұнда ауыл халқына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде медициналық көмек көрсетіледі. Әлеуметтік маңызды нысан жыл соңында пайдалануға беріледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы