388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы он жыл бұрын тоқтап қалған қант зауыты қайтадан іске қосылды

  • 1160
  • UPD: 10:35, 24.11.2017

Бүгінде индустрияландырудың игілігін ел көріп отыр.

Өндіріске жан бітірсек деген ниет пен әрекет әр аймақта бар. Бұған айтар мысал да жеткілікті. Мәселен, Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты 10 жыл бойы тоқтап тұрса, отандық инвесторлардың көмегімен қайта іске қосылып, өнім шығаруды бастап кетті.

Ақсу қант зауытын қайтадан іске қосу жөніндегі ынтымақтастық меморандумына биылғы көктемде қол қойылған болатын. Тартылған инвестиция көлемі – 15 млрд теңге. Оның 3 млрд теңгесі негізгі құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан бөлінді. Сөйтіп бұдан он жыл бұрын тоқтап қалған зауыт қайтадан іске қосылды. Кәсіпорын тәулігіне 2,5-3 мың тонна қант қызылшасын өңдесе, жылдық қуаты 350 мың тонна. Одан алынатын қант 32 мың тоннадан асады.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Біз қазір 80 мың тоннадан бастап жатырмыз. Келесі жылы егіс айналымын орнына келтіріп, оның көлемін жыл сайын көбейтеміз. Бүгіннің өзінде 500 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыссыздық өткен жылы 5,7 пайыз болса, осы жылы бір зауыттың арқасында 4,7 пайызға төмендеді.

Жөндеу жұмыстары барысында механикалық және электронды таразылар ауыстырылды. Қызылша кесетін және жиілік ауыстыру аппараттары алынды.

Берік Немеребаев, зауыттың бас механигі:

- Сексенге жуық сорғы бар. Соның 21-ін ауыстырдық. Қалғандарын жөндедік. Елбасына, өзіміздің облысымыздың басшысына ризашылығымызды білдіреміз. Халық болып осы зауытты көтереміз деген ойдамыз.

Зауыттың іске қосылуын өңір диқандары асыға күтті. Өйткені өнімдерін 200-250 шақырым жердегі Көксу қант зауытына апарып жүрген Ақсу, Сарқан аудандарының шаруа қожалықтары енді қызылшаларын осында өткізеді. Демек, шығын аз, пайда көп болады. Ал пайдалы дақылды өсіретіндердің қатары жыл өткен сайын арта бермек.

Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші:

- Алдағы үш жылда зауыт толықтай қайта жаңғыртудан өтеді. Заманауи жаңа жабдықтар алынады. Нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты бүгінгіден әлдеқайда жоғары болады.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы