384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британиялық саяхатшы электромобильмен Қазақстанға жасаған саяхатынан оралды

  • 545
  • UPD: 11:41, 26.11.2017

Сапар барысында Крис Рэмси Ұлы дала елінің әсем табиғатын аралап, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде болып қайтты.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Шілде айында британиялық саяхатшы Крис Рэмси электр көзінен қуат алатын мына көлігімен Лондоннан Астанаға ұзақ сапарға аттанды. LEAF AT-EV электромобилі Қазақстанға жетем дегенше 16 000 шақырым қашықтықты өткерген.

Крис қоршаған ортаны ластамайтын көлік құралдарын және жабайы табиғатқа байланысты тұрақты туризмді насихаттаумен айналысатын компанияның негізін қалаушы. Біздің мемлекетке келер алдында ол Австрия, Түркия, Грузия және Әзербайжан елдерін аралаған. Кристің айтуынша, Қазақстанда ол тылсым табиғат пен жайдары мінезді адамдарды көріп риза болған.   

Крис Рэмси, саяхатшы:

Жергілікті халықтың көрсеткен қонақжайлығы бізді тәнті етті. Қазақстан біз барған елдердің ішінде оқ бойы озып тұр. Елдеріңізді өте ұнатып қалдық. Мәденитеттеріңіз отбасылық құндылықтарға құрылған. Сіздерде көпбалалы және туысқандармен тығыз байланыста болу әрі үлкендерді сыйлау өте жақсы дамыған. Біз ұлттық тағамдарыңыз: қымыз, шұбат және бауырсақтардың дәмін көрдік.

Сапар барысында Крис Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Көкшетау және Астана қалаларында болған. Елордамызда саяхатшы ЭКСПО-2017-ге қатысып, оны түгел тамашалапты. Көлемі және мазмұнына тәнті болған ол көрмеден ерекше әсер алғанын айтады. 

Крис Рэмси, саяхатшы:

Қазақстанның ұмтылысы таң қалдырады. Көрген-білгенімнен мұнай мен газ тәуелділігінен болашақта құтылатындығымызға көзім жетті. Бұл әрине қуантады. Қазақстан бұл мәселе бойынша әлбетте алға басып барады.

Кристің электромобильі жаңа емес. Бірақ бұл жайт ұзақ қашықтықтарды өткеруге кедергі болмады. Қазақстандық тарап көлігін қуаттандыруға қажет барлық жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған. Ол елдің әсем жерлерін тамашалап, жаңа достар тапқанына қуанышты.

Автор: Ғалымжан Қараманұлы

 

 

Хабар 24 телеарнасы