384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында ҮЕҰ ұсынған жобалар енді 3 жыл бойы қаржыландырылады

  • 504
  • UPD: 20:08, 29.11.2017

Алматы облысында үкіметтік емес ұйымдар ұсынған жобалар бұрынғыдай бір жыл емес, енді 3 жыл бойы қаржыландырылады.

Ол өз кезегінде ұзақ мерзімді жобалардың кешенді түрде жүзеге асуына жол ашады. Талдықорғанда өткен үкіметтік емес ұйымдардың форумында осындай мәселелер қаралып, азаматтық қоғамды дамыту жайы жан-жақты талқыланды.

Алматы облысында мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Соның 388-і белсенді. Оларды қаржыландыру көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш бүгінде жарты миллиард теңгеге жетіп қалды. Аймақта ұзын саны 148 жоба жүзеге асып жатыр. Енді үкіметтік емес ұйымдар ұсынған жобаларды қаржыландыру мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзарады. 

Рустам Алпысбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Үш жылдық грантты үкіметтік емес тапсырысты енгізу қажет. Сонымен қатар халықаралық әріптестікті нығайтып, халықаралық тәжірибені енгізіп, ең бастысы өңірдегі, ауылдардағы, аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру керек.

Форумға 80-нен астам үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысты. Жиын барысында үздік жоба иегерлері анықталып, марапатталды. Еңбекшіқазақ ауданындағы жергілікті қауымдастықтар қоры ауылдық жерлерді дамыту, шаруа қожалығы басшыларын оқытып-үйрету сынды жобаларды жүзеге асырумен айналысып келеді. Олар 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік сыйақыға ие болды.

Бақытгүл Елшібаева, Жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры:

10 жылдың ішінде біз 50-ден астам жобаны іске асырыппыз. Өзіміздің ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жарты миллиард теңге инвестиция жасаппыз. Бұл біз үшін өте үлкен жетістік.

Ағымдағы жылы Талдықорғанда консалтингтік орталық ашылды. 4 үкіметтік емес мектеп жұмыс істеп тұр. Қоғамдық институт өкілдері соның арқасында ағылшын тілі курстарынан өтті. «Ол үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық гранттарға қатысуына мүмкіндік береді», дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов 

Хабар 24 телеарнасы