389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» Агенттігі Сингапурдегі телевизиялық форумда өнімдерін таныстырды

  • 516
  • UPD: 21:58, 29.11.2017

Отандық сериалдар мен деректі фильмдер Азия нарығына шығып жатыр.

Сингапурдегі ауқымды телевизиялық форумда «Хабар» Агенттігі телеарна өнімін таныстырды. Қаладағы үлкен қонақүйлердің бірінде азиялық кино, драма, анимациялық фильм және бағдарламалардың сан түрі көрсетілуде. Онда Орталық Азиядан тек «Хабар» Агенттігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ғана қатысушы ретінде бой көрсеткен. Бүгінде «Хабардың» документалды фильмдері және телехикаялары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, Моңғолияда және Ресейдің түркітілдес аймақтарында көрсетіліп келеді. Енді Агенттік өз туындыларын бүкіл Азияға таныстырмақ ниетте. Форум аясында Жапонияның ең үлкен «Асахи» корпорациясымен келіссөздер жүргізілді. Күншығыс елінде қазір америкалық және оңтүстіккореялық сериалдар танымал. Десе де, қазақстандық өнім жапондықтарды таңдай қақтырды.

Чиё Мори, «Asahi» телерадиокорпорациясының менеджері:

– Қазақстандық контент туралы алғаш рет сөз қозғап отырмыз. Ол еуропалық контентке ұқсас келеді. Жапондық көрермендер қазақстандық туындыларды жылы қабылдайды деп ойлаймын.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

– Осыған дейін біз өз өнімдерімізді Моңғолия секілді көршілес мемлекеттерге сатып, сериалдарымызды, бағдарламаларымызды көрсетуді бастасақ, дәл осы жиыннан кейін біздің телесериалдарды, деректі фильмдерді сатып алушы компанияларының қатарына Азияның, Оңтүстік Азияның басқа мемлекеттері кіреді деген сенімдеміз.

Хабар 24 телеарнасы