389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы үш жыл ішінде ШҚО-да ауызсу мәселесі толық шешіледі

  • 857
  • UPD: 22:00, 29.11.2017

Өңір әкімі Даниал Ахметов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар түйткілдер аз емес. Оларды жою үшін кешенді жоспар құрылған.

Шығыс Қазақстанда ауызсу тапшылығы басты мәселелердің біріне айналғаны бұрыннан белгілі. Облыс тұрғындарының тең жартысы таза суға қол жеткізе алмай отыр. Сол себепті өңір билігі бұл түйткілді түбегейлі шешуге бел буды. Биыл осы бағытта 18 жоба бастау алды. Келер жылы тағы бірқатар бағдарламаны жүзеге асыру жоспарда бар. Бас аяғы 3 жыл ішінде 89 елді мекенді ауызсумен қамту көзделген.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл біз халықты ауызсумен қамту бойынша 18 жобаны жүзеге асыра бастадық. Оған 33 миллиард теңге бөлінді. Келер жылы тағы 18 жобаны бастаймыз. Барлығы 51 миллиард теңге жарату жоспарда бар. 3 жыл ішінде облыстағы ауданның басым бөлігінде бұл түйткіл шешілуі тиіс. Ең алдымен Аягөз, Ұлан, Жарма, Бесқарағайды сумен қамтамасыз етеміз.

Бұл жобалардың екеуі Астанада өткен ЕХРО 2017 көрмесінде айтылды. Жалпы халықаралық шарада ұсынылған 22 бағдарлама Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау сынды маңызды әлеуметтік салалар да назардан тыс қалмайды. Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін 381 миллиард теңге бөлінді. Әсіресе туризм бизнесіне ерекше екпін беріледі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз өткен жылы Алакөл курортын абаттандыруға 500 миллион теңге бердік. Жолды жөндеуге 1 миллиард 300 мың теңге жұмсалды. Ол оңтүстіктен келетін туристер үшін жасалды. Сонымен қатар бизнесмендердің қолдауымен Алакөлде 5 жұлдызды қонақүй салуды жоспарлап отырмыз. Сонда біз басқа курорттармен бәсекеге түсе аламыз.

Өңірдің экономикалық дамуымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру да қолға алынған. Оның аясында «Менің мектебім» жобасын ерекше атап өткен жөн. Оқыту сапасын арттыру үшін химия, биология, физика, робототехника пәндерінің кабинеттерін қажетті техникамен жабдықтау көзделген. Ал туған жерінде білім алып, кейін шетелге жол тартамын дегендердің санын азайту үшін жергілікті университеттерде сұранысы жоғары мамандықтарға 400 грант бөлінеді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ермек Кеншімбек 

Хабар 24 телеарнасы