386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да киіз үй жабдықтарын тігетін цех өнім түрлерін көбейтпек

  • 1525
  • UPD: 17:58, 06.12.2017

Шар қаласындағы Сәния Аутханова жетекшілік ететін тігін цехының бұйымдары бүгінде Шығыс Қазақстан өңіріне кеңінен танымал.

Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын алғашқы қадамын Абай тойындағы киіз үйлерді безендіруден бастаған кәсіпорын замана көшінен қалмай, өнім түрін көбейтумен келеді. Мұнда қазір сахна, төсек-орын жабдықтары, ұлттық киімдер мен автокөлік қаптамалары тігіледі.

Жарты ғасырлық тарихы бар тігін цехында Шар қаласының қыз-келіншектері еңбек етеді. Сәния Бекежанқызы өткен ғасырдың 90-жылдары экономикалық дағдарыс орын алған кезде кәсіпорынды жабылып қалудан аман алып қалды. «Ұжымның береке-бірлігі арқасында барлық қиындықты жеңіп шықтық», деп еске алады іскер жан.

Сәния Аутханова, кәсіпорын жетекшісі:

- 1994 жылы біз алғаш рет киіз үйді бастадық, Абайдың 150 жылдығына. Ол кезде мата деген жоқ. Ештеңе жоқ. Жабдықтаушы мекемелер жабылып қалған. Сол кезде мен ең алғаш рет Әмірліктерге, Түркияға бардым. Сонда ең алғаш маталарды әкеліп, 35 киіз үйді Абай тойына тіктік. Тігін өнеркәсібіинемен құдық қазғандай, бірақ керек. Біз 1993-94 жылдары дағдарыс, қиын заманда бір күн жұмыссыз отырған жоқпыз.

«Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғыра бастады. Бұл біздің кәсібіміздің дөңгелеуіне де оң ықпал етті», – дейді кәсіпорын жетекшісі. Қазір ұлттық киімдерді былай қойғанда, қыз жасауы, тұсаукесер, сүндет тойға қажетті бұйымдар түгел осында тігіледі. Шығыс Қазақстан облысындағы барлық аудан мен қалаларға да киіз үй жабдықтары тарихи жәдігерлер негізінде безендіріледі екен.

Айнұр Ержанова, дизайнер:

- Сақ ханшайымының бейнесін жасадық. «Алтын адам» табылған, соның барлығын осылай қиып алып, одан кейін барып орналастырып жасаймыз. Әрбір аудандардың өзінен табылған дүниелерін өздеріне бейнелеп береміз, киіз үйлеріне.

Жыл сайын кәсіпорын «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға киім-кешекпен көмектесіп отырады. Енді Сәния Бекежанқызы Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына да үн қосып, «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өзі оқыған мектепке материалдық жәрдем беруді көздеп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы