386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда оқушылардың археологиялық жасақтары құрылады

  • 515
  • UPD: 15:20, 10.12.2017

Ертіс өңірінің оқушылары ғалымдармен бірге археологиялық қазба жұмыстарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Жеткіншектер аймақтың ежелгі тарихымен етене танысып, мәдени мұраларына қанығады. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын игі іс болмақ.

Расул Мұстафин өңір тарихына өте қатты қызығады. Жазда археологиялық қазба жұмыстарына өзі сұранып барған. Енді тарихи зерттеулерге жыл сайын қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Расул Мұстафин, қалалық №18 орта мектебінің оқушысы:

– Көптеген қазбаларды өткіздік. Тастарды зерттедік. Кітаптан оқығаннан, көзбен көрген артық. Болашақта көптеген зерттеулерге қатысқым келеді.

Мектепте «Асыл мұра» атты этнографиялық зертхана ашылған. Болашақта тарихшы болуды армандайтын жеткіншектер осында жиналады. Бүгін оқушылар өңірдің белгілі ғалымдарымен кездесті.

Эдуард Лампартер, Павлодар педагогикалық институты жанындағы «Маrgulan centre» орталығының маманы:

– Біз орнымызды басатын тарихшы ғалымдардың толқынын тәрбиелегіміз келеді. Оқушылармен серіктес болып, бірлескен зерттеу жүргізу – осы мақсатқа жетудің кілті. Жеткіншектердің талпынысы қуантады.

Ертіс өңірінде өркен жайған Қимақ қағанатының гүлденуі, Қазақ хандығының құрылуы мен ежелгі адамдардың пайда болуы оқушылар үшін өте қызық. Мәселен, тоғызыншы, он бірінші ғасырларда өмір сүрген Қимақ жауынгерінің сауыт-сайманы Май ауданынан табылған. 

Ақмарал Артықбаева, қалалық №18 орта мектебінің ұстазы:

– Оқушылардың қызығушылықтарына қарай және осы оны іске асыру мақсатында бастапқыда ғалымдармен жұмыс жасау жоспарлануда. Және оны іске асыруға ұстаздар қауымы ерекше мән береміз.

Қазір облыста әзірленіп жатқан «Киелі мекендер» картасына 70-ке жуық тарихи орын енген. Бұл бағытта археологиялық орталықтың еңбегі ерен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы археология, өлкетану салаларының дамуына серпін берді. Мәселен, биылғы жазда өңірдің археологтары қазба жұмыстарын облыс аумағында ғана емес, республиканың өзге өңірлерінде де жүргізді. Нәтижесінде тарихшыларға азық болар көптеген тарихи жәдігер табылды. Келесі жылы оқушылардан құралған археологиялық жасақ Баянауыл ауданының «Қорымдар даласына» аттанбақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы