389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық шаруалар қант қызылшасын егуге ерекше ден қойды

  • 790
  • UPD: 07:54, 12.12.2017

Биыл республика бойынша қант қызылшасын өсіретін алқаптардың көлемі 19 мың гектарға жетті. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Нәтижесінде 500 мың тоннадан астам өнім жиналды. Одан 50 мың тонна қант алынады деген болжам бар. Бұл елдегі ішкі сұраныстың 10 пайызын қамтамасыз етуге жетеді. Ал еліміз қант өндірісі жөнінен азық-түлік қауіпсіздігінің қажетті деңгейіне қашан жетеді?

Кейінгі екі жылда жетісулық диқандар қант қызылшасын өсіруге ерекше ден қоя бастады. Биыл оған бөлінген егістік алқаптардың көлемі 9 мың 200 гектарға жетті. 10 жылдан бері тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты қайтадан іске қосылды. Ал Көксу қант зауыты жаңғыртудан өтіп, өңдеу жұмыстарын жылдамдатуға мүмкіндік алды.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:

- Бір тәулік нормасы қазір көтерілді бұрынғыдан, қазір 2 тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей аламыз модернизацияның арқасында. Сол екінші этап модернизация өткіздік. Соның арқасында қазір қант шығымы да көбейді. Содан кейін процестердің барлығы автоматтандырылды.  

Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші:

- Бүгінге дейін облыс бойынша 330 мың тоннадан астам қант қызылшасы жиналды. Бұл былтырғыдан 37,5 пайызға көп. Бұдан 30-35 мың тонна таза қант алынады. Бұл облыс тұрғындарының сұранысын өтеуге толығымен жетеді.

Республикадағы қант қызылшасын өсірумен аты шыққан екінші аймақ Жамбыл облысы. Биыл мұнда 9 жарым мың гектарға қант қызылшасы егілген. Орташа есеппен шаруалар әр гектардан 228 центнерден өнім алды. Барлығы 203 мың тонна тәтті түбір жиналды. Соның 120 мың тоннасы аймақтағы қант зауыттарына өңдеуге жіберілді. Мамандар  нәтижесінде 13 мың тонна таза қант алуды көздеп отыр. Бұл аймақ сұранысының 30 пайызын ғана құрайды. Ал, өңір өзін-өзі толық қамтамасыз ету үшін жылына 40 мың тоннадан астам құмшекер шығару қажет.  

Ерлан Құлкеев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Енді осыны өндіру үшін бізде кемінде Жамбыл облысында 25 мың гектар қант қызылшасын өсіру керек. Бұл болашақта мемлекет тарапынан , әкімшілік тарапынан қолдаудар, осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Сол себептен осы жағдайға жеткізуге мүмкіншілік болады.

Қазір республикада қант қызылшасын өңдейтін 3 зауыт жұымыс істеп тұр. Олар Ақсу, Көксу және Меркі қант зауыттары. Бұлардың тәуліктік қуаты 11 мың тонна қызылша өңдеуге жетеді. Ал шығарған өнімдері республика тұтынушыларының 10-ақ пайызына жетеді.  

Гүлнәр Бижігітова, ҚР АШМ Қайта өңдеу басқармасының жетекшісі:

- 2021 жылға қарай қант қызылшасының алқаптарын республика бойынша 32 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Егер осы алқаптардан әр гектарға шаққанда 350-370 центнерден өнім жиналатын болса, ел тұрғындарының 28-30 пайызын отандық қантпен қамтамасыз етуге болады. 

Бұл қант өндірісі бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің қажетті деңгейіне жеттік деген сөз. Бірақ аталмыш сала одан әрі дами беруі керек. Сондықтан егінші мен өңдеушіге көрсетілетін мемлекеттік қолдау жалғаса береді.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев, Татьяна Ковалева, Нұржан Мергенбаев

Хабар 24 телеарнасы