389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өткізді

  • 784
  • UPD: 21:48, 12.12.2017

Оған келген қонақтар қазақ елінің бүгінгі жетістіктерін  айтып, жылы лебіздерін жолдады.

Қытайлық саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақты, экономикасы озық мемлекет ретінде таниды. Соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» өзара үйлесіп шикізаттық емес саладағы байланысты арттырды.

Бүгін Қазақстан үшін қастерлі мерекеге орай Қытай астанасы Бейжіңде салтанатты қабылдау кеші өткізілді. Мерекелік жиынға негізінен шетелдік дипломатия өкілдері мен қытайлық қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер мен жергілікті қазақ диаспорасы келді. Тарихы тереңде жатқан қос мемлекет ширек ғасырдың ішінде өзара саяси әрі сенімді байланыс орнатты.

Бүгінде халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген құрметі де ерекше. Мерекеде құттықтау сөзін сөйлеген Қытай Сыртқы істер министрінің көмекшісі Кун Сюанью осылай деді. Саяси, экономикалық, инвестиция және мәдени байланыстар да тереңдей түсті. Мәселен, биыл Қазақстан мен Қытай сауда айналымы он айдың ішінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артып отыр. Инвестициясы саласындағы көрсеткіштер де көңіл көншітерлік.

Шахрат Нұрышев, ҚР-ның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Ұлттық банктің мәліметінше, Қытай Қазақстанға 15 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Одан бөлек елдің бәрі естіген индустриализация саласындағы ынтымақтастық аясында 51 жоба іске  асырылып  жатыр. Олардың сомасы 28 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде үшеуі іске қосылды. Алтауы салынып жатыр. Алты құрылыс енді басталды. Көбі 2018 бен 2019 жылдары бастау алады. Сәйкесінше олар іскен қосылғаннан кейін инвестиция көлемі одан әрі артады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары инфрақұрылымдық, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық артты. Қазақстанның транзиттік әлеуетінің арқасында «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы оңтайлы жүзеге асып жатыр.

Өйткені қазақ елі Батыс пен Шығысты байланыстарған негізгі хаб. Біздің жеріміз арқылы Еуропаға қатынайтын 5 теміржол бағыты бар. Салтанатты шарада Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсіріп жатқан «Композитор» көркем фильмінің трейлері де көрсетілді. Туынды келер жылы жарыққа шығады. Фильм халықтар арасындағы достықты насихаттайды. Ән айтылып, күй де төгілді.

Ли Цзыго, Қытай халықаралық мәселелерді зерттеу институтының маманы:

- Биыл екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Көптеген бірлескен кәсіпорын өз жұмысын бастады. Мен Тәуелсіздік күнімен сіздерді құттықтаймын. Қазақстан мен Қытай арасында 1700 шақырымнан асатын шекара бар. Бұл шекара шынайы достық пен тиімді әріптестіктің желісіне айналған.

Екі ел арасындағы мәдени байланысты бір сатыға көтеріп, Димаштың Қытай сахнасында ғажайып өнер көрсетуі осы жылдың ең жағымды оқиғасы болды. Димаштың жарқырап шығуы Қазақстандағы Қытай туризмі жылы мен «Астана ЭКСПО-2017» қарсаңында нысанаға дөп түсті. Еліміздің танымалдылығы артып, жергілікті Baidu сайтында «Димаш», «Хасакыситан» деген іздеулер күрт артты. Қаншама қытайлық жанкүйер елордаға күллі әлем көз тіккен көрмені тамашалуға  арнайы барды. Сөзсіз қазақстандықтар үшін талантты әншімізбен марқайған жыл болды. Тәуелсіздік күні, желтоқсанның 16-сы Димаш Чаньша қаласында арнайы концерт бермек. 

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы