387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы мектептерде «Білім ал» ақпараттық-ағарту жүйесі енгізіледі

  • 1276
  • UPD: 23:29, 13.12.2017

Қарағандының мектептері жаппай электронды журналға көшіп жатыр. Осылайша мұндағылар қағазбастылықтан бас тартуға дайын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында облыстағы білім ошақтары «Білім ал» ақпараттық-білім беру жүйесін енгізіп, оқушылардың оқу үлгерімін жетілдірмек. Бүгінде электронды күнделіктер пен журналдарды өңірдегі 500-дей оқу ордасы пайдаланып жүр. Айта кетсек, тың жоба ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының оң бағасын алды.

Бүгінде «Білім ал» ақпараттық-білім беру жүйесін Қарағанды облысында күн сайын 120 мың адам қолданады. Бұл ата-аналар мен оқушыларға, ұстаздар мен мектепке жақсы қолғабыс. Жоба балалардың оқу үлгерімін қадағалауға һәм оны жетілдіруге арналған.

Қайрат Әшімханов, «Өрлеу» АТО» ЖШС директоры:

- «Білімал» – бұл 100 пайыз отандық өнім. Бүгінде ол еліміздің білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізіліп келеді. Біз Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі – «Транстелеком» компаниясы тарапынан қолдау таптық. Енді бұл инновациялық өнімді оқушылардың ата-аналарына, ұстаздар мен мектеп әкімшілігіне тегін ұсынып отырмыз. 

Сонымен тың жоба несімен ерек? Әуелі мектеп әкімшілігі үшін тиімді. Тоқсан соңындағы һәм жыл сайынғы есептер тапсыруға ыңғайлы. Ал электронды журнал біраз қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік береді. Компьютер, телефон дейсің бе – мұғалім кез келген гаджет арқылы сабақ кестесін қарап, баға қоя алады.

Аягүл Ахметова, №93 гимназия директоры:

- Бұл жүйе біз үшін өте ыңғайлы. Біріншіден, қандай да бір есеп берген кезде мектеп әкімшілігінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Сондай-ақ ол оқушылардың білімін бағалаған уақытта ұстаздарға көмек болады.

Тимур Абишев, «Өрлеу» АТО» ЖШС құрастыру бөлімінің жетекшісі:

- Жүйе пайдаланушылардың жеке мәліметтерін қажет етпейді. Аты-жөніңіз бен туған күніңізді жазып, енгізсеңіз болғаны. Жеке сәйкестендіру номерін теру міндетті емес. Ал қолданушылар туралы ақпарат сертификаттаудан өткен қауіпсіз серверлерде сақталады.

Бүгінде Қазақстандағы 637 мектеп осы «Білім ал» жүйесі  бойынша білім беріп келеді.  

Авторы: Ж.Біркенов

Хабар 24 телеарнасы