387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнай өңдеу саласын меңгерген отандық мамандар саны артып келеді

  • 1333
  • UPD: 13:39, 14.12.2017

Мұнай өңдеу саласында жұмыс істейтін отандық маманның қатары жыл санап көбейіп келеді.

Қазақстандық мұнайшылар шетелдік қызметкерлерді алмастырып, жауапты басшылық лауазымға да тағайындалып жатыр. Солардың бірі, осы саланың майталманы Руслан Қуатов.

Руслан Тұржанұлы Қуатовтың мұнай саласында жұмыс істеп келе жатқанына биыл 33 жыл толып отыр. Ол еңбек жолын Балықшы мұнайгаз барлау экспедициясынан бастаған. Ал бұрғылаудың алғашқы әліппесімен мектепте жүргенде таныс болған екен.    

Руслан Қуатов, мұнайшы, «Құрмет» орденінің иегері:

– Айналамыз, жақындарымыз, достарымыз – бәрі мұнайшылар. Әкем де, ол да өмір бойы далада жүрген адам. Водстрой деген мекеме болды. Соны кезінде басқарып жүрген адам. Бұрғылау жұмыстарын сол жақтан көрдім бірінші рет.

1993 жылы әлемдегі алып мұнай кен орындарының бірін игеру үшін бірлескен кәсіпорын құрылған еді. Руслан Тұржанұлы Теңіз кенішіне шақырылып, алғашында бас маман болып істейді. Білімі мен тәжірибесінің арқасында кейін шетелдік маманды алмастырып, басшылық қызметке тағайындалады.

Руслан Қуатов, мұнайшы, «Құрмет» орденінің иегері:

– Технология бөлімін басқарып жүрмін. Қарауымда алдында айтқандай, 2 командам бар. Біреуі Теңізде, біреуі офисте, Атырауда. Біздің міндетіміз мұнайды ұңғырдан заводқа дейін жеткізу.

Руслан Тұржанұлы жұмыс істейтін компания жыл соңына дейін 28 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Болашақта жаңа технологияларды қолдану арқылы қара алтын өндірісін 38 миллион тоннаға дейін ұлғайту міндеті тұр.

Майкл Пиллоу, Руслан Қуатовтың әріптесі:

– Мұнай өндірісіндегі техникалық жабдықтардың жұмысын қамтамасыз етуде Руслан басқаратын топтың маңызы ерекше. Білікті басшы. Қызметкерлерге ылғи да ағалық қамқорлықпен қарайды. 

Құсайын Орынғалиев, Руслан Қуатовтың әріптесі:

– Көптеген мамандар шетелге білім алуға барып жатыр. Сол жақта жүр қазір. Ол жігіттердің, жас мамандардың жүрген себебі осы Руслан ағамыздың арқасы деп ойлаймын.

Руслан Тұржанұлы жұбайы Гүлбаршын екеуі жалғыз ұл өсіріп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, жалғыз ұлы Асан да мұнайшы мамандығын таңдаған. Қазір ол да батыс өңірдегі мұнай компанияларының бірінде қызмет етіп жүр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Бекен Әлирахым, Эдуард Кон

 

Хабар 24 телеарнасы