386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық кәсіпкер мереке қарсаңында туған жеріне тарту жасады

  • 497
  • UPD: 08:26, 15.12.2017

Мереке қарсаңында ақтаулық кәсіпкер де жерлестеріне тарту жасады.

Өңір спортында бұрын болмаған бразилиялық джиу-джитсу, яғни ережесіз жекпе-жекке баулитын зәулім спорт ғимаратын салып берді. «Жауынгерлік өнер академиясы» деп аталатын кешенде спорттың 12 түрінен үйірмелер ашылды. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан.

Тай боксы өңір спортында енді дамып келеді. Осы себепті тәжірибелі бапкерлер өзге аймақтардан арнайы шақыртылған. Балалар және ересектерге арналған үйірмелерге қатысушылардың ең жасы 5-те. Аз қамтылған отбасылар шыққан және жанұя жылуынан айырылған балалар тегін жаттығады.

Аманжол Жаманбай, кәсіпкер:

- Өзгелерден ерекшелену үшін өңірде бұрын болмаған спорт түрлерін таңдап алдық. Олардың қатарында ММА ережесіз жекпе-жегі, грепплинг, таэквондо және тағы басқа да үйірмелер бар. Спорт кешенінің негізгі залында бір мезгілде 500 адам жаттығады.

Мұнда 12 түрлі үйірме жұмыс істейді. Тұрғындар өздері таңдаған спорт түріне жазылады. Барлық бөлім озық үлгідегі құралдар-жабдықтармен қамтылған. Жауынгерлік жекпе-жектің қыр-сырын халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері үйретеді.

Арманжан Рузахунов, Джиу-джитсудан «қара белбеу» иегері:

- Бразилиялық джиу-джитсудың Маңғыстау спорты тарихына қосылғанына қуаныштымын. Жаттығу залы кәсіби деңгейде жарақтанған. Алғаш жазылған қатысушылар аптаның үш күнінде бастапқы тәсілдерді үйреніп жатыр. Келер жылы бапкерлер санын көбейту жоспарда бар. Келешек бұл өңірден ел намысын қорғайтын спортшылардың шығарына сенемін.

Абат Өрісбаев, қала тұрғыны:

- Көптеген кішкентай бүлдіршін келіп жатыр. Сондықтан біз өте қуаныштымыз. Балаларымыз жақсы тәрбие алса, олар үлкен биіктерден көрінеді деп ойлаймын. Чемпиондар көп болсын деген тілегім бар.

Келер жылы спорт кешені жанынан дәл осындай тағы екі ғимарат бой көтермек. Мұнда кроссфит, ауыр атлетика залдары болады. Сондай-ақ Ақтауда алғаш рет балет және спорттық гимнастика үйірмелері ашылады. Үш ғимарат құрылысы мен қажет құрал-жабдығын алуға бас-аяғы 360 млн теңге жұмсалмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсәлиев

Хабар 24 телеарнасы