386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО: Шалғай ауылдар таза сумен қамтылып жатыр

  • 859
  • UPD: 14:14, 15.12.2017

Кенді Алтай өңіріндегі Аягөз ауданында елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен оңынан шешіліп келеді.

Мыңға тарта тұрғыны бар Қарағаш ауылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша сапалы тіршілік нәріне қол жеткізді. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 256 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін тағы 3 ауыл таза сумен қамтамасыз етіледі.

Қарағаш ауылында 60 жылға жуық уақыт тұратын Бикамал әжей енді үйден шықпай-ақ тіршілік нәрін тұтынып отыр. Ақсақалы екеуі ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. «Соңғы жылдары ауылымызға мектеп салынып, жол жөнделіп, қуанышымыз еселеніп келеді», – дейді тұрғын.

Бикамал Байысова, Қарағаш ауылының тұрғыны:

- Отбасында ең керегі осы су еді. Бұрын ащы су ішетін едік. Ауылымызға тартылып, өте қуаныштымыз. Ауылға бір жақсылық. Өте жақсы, жер астынан шыққан су ащы судай бола ма? Бүкіл ауылға кіргізді, кірмеген үй қалған жоқ. Аристон құрып, жылы сумен қолымызды жуамыз, оның өзі өмірі болмаған. Жақсы болды расында да.

Аягөз ауданы бойынша жыл соңына дейін тағы 3 елді мекен таза сумен қамтамасыз етіледі. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылы да атқарылар шаруа аз емес.

Бақытжан Байахметов, Аягөз ауданының әкімі:

- 5 жоба жасалып жатыр. Оның біреуі мемлекеттік сараптамадан шықты. Енді төртеуі жылдың аяғына дейін шығуы керек. Бұған жалпы тартылған инвестиция көлемі 3 млрд теңгені құрайтын болады. Осы 5 жобаның іске асуымен жалпы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші елді мекендермен санайтын болсақ, 58 пайызды құрайтын болады. 2020 жылға дейін біз осы бағытта атқаратын жұмыстарымызбен елді мекендерді сумен қамтамасыз ету деңгейін толығымен шешуге мүмкіндік болады деп ойлаймын.

Аягөз қаласының су құбырлары мен жабдықтау нысандарын жаңғыртудың ІV кезеңі де жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұл мақсатқа да мемлекет қазынасынан 470 млн теңгеден артық қаражат бөлінген. Аудандағы шағын ауыл тұрғындарының да өтініші жерде қалмайды. Оларды сапалы ауызсумен қамту үшін ұңғымалар қазылып, мәселелер оң шешімін таппақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы