389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның Тәуелсіздік күні Нью-Йоркте тойланды

  • 941
  • UPD: 15:35, 15.12.2017

Нью-Йоркте Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы атап өтілді.

Осы орайда Манхэттендегі сәулетті залда БҰҰ-на мүше елдердің өкілдері, америкалық қауымдастық мүшелері, тілшілер мен сарапшылардың қатысуымен салтанатты рәсім ұйымдастырылған. Биыл біздің елімізге артылған жауапкершілік үлкен болды. Өйткені Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамындағы жұмысының алғашқы жылы аяқталуға таяу. Ал бірнеше күннен кейін еліміз әлемдік қауымдастыққа төрағалық ететін болады. Сондықтан салтанатты рәсімге жиылған қонақтар Қазақстанға сәттілік тілеп, маңызды бітімгерлік миссиясы мен Елбасының жаһандық бастамалары үшін алғыс айтып, ризалық білдірді.

Шараға орай фотокөрме ұйымдастырылып, «Қорқыт» этнографиялық ансамблінің концерті өтті. Сахнада танымал қазақ композиторларының туындылары мен күй-термелері орындалды.

Джерри Мэтьюс Матджила, ОАР-ң БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын! Президент Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да жаһандық тақырыптарға қатысты маңызды көзқарас білдіріп, орынды ойлар айтып жатады. Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы қарым-қатынас жақсы дамыған. Астанада елшілігіміз жұмыс істеп тұр. Қауіпсіздік кеңесіне сайлау кезінде сіздерді қолдап дауыс бердік. Алдағы уақытта да елдеріңізбен ынтымақтастығымызды нығайтуға ниеттіміз. Қазақстан әлемдік аренадағы күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Бейбітшілікке үндейтін Астана процесі соның айғағы.

Артур Шнайер, раввин:

- Мен елдеріңіздің Тәуелсіздік күнін алғаш рет атап өтіп отырғам жоқ. Астанаға арнайы барып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенмін. Қазақстанда түрлі этникалық және діни топтар тату-тәтті тұрады. Халқыңызға тыныштық мен бақыт тілеймін! Елдеріңіз өсіп-өркендей берсін!

Валентин Рыбаков, Беларусьтің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен және алдағы мерекелермен  құттықтаймын! Жан-жақты дамып, өсіп-өркендей беріңіздер! Өзге елдермен достығы жарасып, бірлігі арта берсін!

Хабар 24 телеарнасы