388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа емхана пайдалануға берілді

  • 903
  • UPD: 18:41, 17.12.2017

26 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, егемен ел атанған Қазақстан Республикасы бүгінде құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танымал.

Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен Сыр өңірі биылғы ұлық мерекені жағымды жаңалықтармен қарсы алып отыр. Солардың бірі облыс орталығында ел игілігіне берілген жаңа емхана.

Қамбар Бекенов, twitter @kambar.tv:

- Тәуелсіздіктің жарқын тойында Қызылорда қаласында жаңа емхана ашылды. Тәулігіне 400 адамды қабылдайтын медициналық мекеме жалпы 46 мыңдай тұрғынға қызмет көрсетеді.

Емдеу ұйымында ересектер, балалар, функционалды диагностика бөлімдері, зертхана және 10 төсектік күндізгі стационар талапқа сай жұмыс жасайды. 4 мың шаршы метрді құрайтын нысан мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында салынып отыр.

Алексей Мылтықбаев, жеке инвестор:

- Бүгінге күнге дейін 1,5 млрд-тай теңгеге құрылыс, жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Үкіметтен 826 млн теңге қаржы бөлініп, оған медициналық құрылғыларды алдық. Бұрынғыдай кабинеттің алдында кезекке тұрмай, электронды кезек қойылған.

Белкөл кенті көгілдір отынға қосылды

Бүгін сондай-ақ облыс орталығы іргесіндегі Белкөл кенті газға қосылды. 4,5 мыңдай тұрғын қоныстанған кент қалаға тиіп тұрса да, көгілдір отын игілігін көре алмай келген еді. Енді міне Тәуелсіздік күні қарсаңында 630 үйге газ жеткізіліп отыр. Мердігер мекеме игілікті жобаны жүзеге асыруға 378 млн теңге жұмсады.

Мерекелік марапаттау

Дәл қазір біз тұрған Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында жыл үздіктері марапатталады. Салтанатты жиында ел дамуына сүбелі үлес қосқан 50 шақты сырбойылық марапат төрінен көрінеді. Мерекелік шаралар тізбегі әлі де жалғасын табады.

Хабар 24 телеарнасы