386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулықтар Тәуелсіздік күніне орай 130-ға жуық түрлі шара ұйымдастырды

  • 634
  • UPD: 23:01, 16.12.2017

Атырау облысында Тәуелсіздік мерекесіне арналған шаралар желтоқсан айының алғашқы күндерінен-ақ басталып кетті.

Бекен Әлирахым, тілші:

- Ірі өндірістік және мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған Атырау облысының республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі қомақты екені даусыз. Ал қастерлі Тәуелсіздік мерекесіне келер болсақ, мұнайлы өлке халқы 130-ға жуық түрлі мерекелік шара ұйымдастырды. Тәуелсіздік мерекесіне арналған тартулар бүкіл облыс бойынша әлі жалғасып жатыр. Биылғы жыл халықтың әлеуметтік жағдайына жіті көңіл бөлінумен де ерекшеленеді. Мәселен, медициналық мекемелер соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталды. Сонымен қатар бірнеше балабақша қоданысқа беріліп, кезекте тұрған бүлдіршіндерге тамаша тарту жасалды.

Света Аманшиева, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда Еркінқала селолық округінде 290 орындық балабақша салынып жатыр. Одан кейін Атырау селолық округінде 160 орындық балабақшамыз салынуда, «Нұрсая» ықшам ауданында 320 орындық балабақша салынуда. Барлығы 770 орынға бүлдіршіндерді орналастырамыз.

Өңірде салауатты өмір салтын насихаттауға да баса көңіл бөлініп отыр. Биылдың өзінде Атырауда ондаған халықаралық жарыс өткізілді. Жастарды, қалың бұқараны спортқа баулу мақсатында қазір ауылдық елді мекендердің барлығына заманауи спорт кешендері салынып жатыр. Соның бірі Тәуелсіздік мерекесі күні спортсүйер қауымға есігін айқара ашты.

Алмас Имашев, спорт кешенінің директоры:

- Бүгін еліміздің Тәуелсіздігі күніне орай Томарлы селолық округінде жеңіл атлетика және футбол алаңы, стадион ашылуда. Бұл жерде футболмен бірге жеңіл атлетика секциясы ашылады. Жаттығу залы болады, велоспорт қарастырылған.

Тәуелсіздік күніне арналған тартулар мұнымен толастамайды. Алдағы демалыс күндері халықтың мерекелік көңіл күйін көтеруге арналған шаралар жалғасатын болады. Концерттік бағдарламалар, спорттық ойындар мен жергілікті тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен түрлі қайырымдылық кешін ұйымдастыру жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы