386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 280 орындық бөбекжай пайдалануға берілді

  • 550
  • UPD: 19:57, 16.12.2017

Жамбыл облысында Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік сала айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізді.

Егемен еліміз еңсесін тіктеген 26 жылда өңірде 146 білім беру, 173 денсаулық сақтау, 334 спорт нысаны жаңадан салынған. Мерейлі мерекеде олардың қатары тағы бір балабақшамен толықты. Бүгін облыс орталығында 280 орындық бөбекжай пайдалануға беріліп, алғашқы балғындарды құшақ жая қабылдады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- «Жұлдыз» балабақшасы тараздықтарға кезекті мерекелік тарту болды. Нысан «Талас» мөлтек ауданында орналасқан. Бұған дейін бұл аумақтың тұрғындары балаларын қашықтағы бөбекжайларға тасымалдауға мәжбүр еді. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс жұмыстарына  қаражат бөлініп, бүгін салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. Әсіресе осы маңайда тұратын жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Бірі үй жанында балабақша пайда болды десе, өзгелері жұмысқа орналастым деп шаттанып жүр.

Бөбекжай заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Мұнда балалардың тәрбиесі мен мектепке дейінгі білім алуларына толықтай жағдай жасалған. Жас ерекшеліктеріне қарай 12 бірдей топ жұмыс істейді. Оларға арналған музыка залы, медициналық, түрлі әдіскерлік кабинет бар. Мұнда 81 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылып отыр.

Клара Дүтбаева, қала тұрғыны:

- Тұрған жерімізге осы жақын. Баларымызды қиналмай алып келеміз. Бұл жерде балабақша біреу-ақ болған. Одан кейін ашылып отырған балабақша осы. Құтты болсын! 

Ғайша Дүйсенбекова, қала тұрғыны:

- Балабақшаға балаларымызды әкеліп тастап, содан кейін жұмысымызға уақытылы үлгеретін болдық. Қуанышымызда шек жоқ. Тәуелсіздігіміздің туы желбірей берсін! Биіктен көріне берсін! Әрдайым осындай балабақша көбейе берсін!

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазақстанның бүгінгі ең басты жетістігі – Тәуелсіздік. Егеменді ел болғалы Жамбыл жерінде әлеуметтік салаға баса мән беріліп келеді. Тәуелсіздік алған жылдары аймақта бар-жоғы 30 ғана мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істеген екен. Бүгінгі күні олардың саны еселеніп 456-ға жетіп отыр.

Жалпы қазір 50 мыңға жуық бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мәселен, 1999 жылдары білім беру саласын қаржыландыруға 2,7 млрд теңге бөлінсе, 2017 жылы көрсеткіш 36 есеге өсіп, 98,2 млрд теңгені құрап отыр. Осының арқасында материалдық-техникалық база нығайтылған. Техникалық және кәсіптік білім беру бағытында 50 колледж жұмыс істеп тұр.

Рахия Тұрмаханбетова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Осыдан 7 жыл бұрын екі ғана жекеменшік балабақша болатын болса, бүгінгі күні оның саны 97-ге жетіп отыр. Балалардың 3 пен 6 жас арасындағы қамту деңгейінің өзі жылдан жылға артып келе жатыр. Мысалы биыл 83 пайыз қамтып отырмыз. Сол жекеменшік балабақшалардың ашылуына байланысты біз 2019 жылы 100 пайызға қамтуға жетеміз ғой деп ойлап отырмыз.

1991 жылдан бері денсаулық сақтау саласында аурухана, емхана, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт сияқты 173 нысан бой көтерді. Тек биылдың өзінде облыстық бюджеттен 877 млн теңгеге 12 медициналық мекеме аяқталып, пайдалануға берілді.

Одан бөлек өңірде тұрғын үй құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. 26 жылда 4 млн шаршы метрден астам баспана салынды. Ауыл-аймақты көгілдір отынмен қамту жұмыстары да қарқын алған. Тек соңғы жеті жылдың өзінде 110 ауылға газ желісі тартылды. Қазір облыс елді мекендерінің 50 пайыздан астамы газдандырылған.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы