386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау жастары Мемлекеттік туды Ақтау көшелерімен алып өтті

  • 732
  • UPD: 23:02, 16.12.2017

Еліміздің ең басты мейрамы қарт Каспий жағасында кең көлемде тойланып жатыр.

Тәуелсіздік күні Ақтаудың белсенді жастары Мемлекеттік туларды көтеріп, қаланың орталық көшелерімен сапта жүріп ән шырқады. Көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлаған шараға 200-дей ерікті ұлан мен өңірлік шекара қызметі жағалау күзеті басқармасының сарбаздары қатысты. Осылайша маңғыстаулықтар күллі қазақ елін ұлық мерекемен құттықтады.

Жас шекарашылар көтерген көк тудың ұзындығы 15, ені 7 метр. Мемлекеттік рәмізді 100 сарбаз ұстап келеді. Олардан кейін «Рухани жаңғыру» таным белгісі бейнеленген екінші туды өңірдің ерікті жастары алып жүрді.

Асылан Темірәлиев, еріктілер корпусының мүшесі:

- Қазақстан Республикасының 16 желтоқсан Тәуелсіздік мейрамына атсалысып жатырмыз. Біз, тәуелсіз елдің жастары барша қазақстандықты осындай керемет мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

Облыстың белсенді жастары ұлық мерекені толағай табыстармен қарсы алып отыр. Бұған нақты дәлел, Маңғыстау Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында өңірдің барлық елді мекенінде көшпелі жиындар өткізген алғашқы аймақ атанды. Каспий маңы елдері жас көшбасшыларының басын қосқан жаһандық форум да ұйымдастырды.

Мирлан Хажгереев, өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары:

- 500 делегат келіп, өздерінің ойларын ортаға салды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын мәселелер жайында, осы құжаттың ел алдында берерін, дер уақытында ұсынылып отырған құжат екендігін талқылап, жастарымызға келелі ой тастады деп айтуға болады.

Жастар акцияға қатысқан азат елдің ұландары Тәуелсіздік көшесінен Ақбота саябағына дейін екі шақырым жол жүріп өтті. Шеру соңы мерекелік концертке ұласты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы