386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысы бизнеске қолайлы жағдай жасау рейтингісі бойынша 2-орынға көтерілді

  • 654
  • UPD: 22:25, 16.12.2017

Маңғыстау облысы ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына толағай табыстармен жетті.

Биыл аймақта бұрын соңды болмаған ондаған ірі жоба қолға алынды. Құрық портында автомобиль айлағы іске қосылып, Кавказ, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жаңа бағыт ашылды. Бірнеше автожолдың құрылысы басталды. Мұнайлы өңір бизнеске қолайлы жағдай жасау рейтингісі бойынша Астанадан кейінгі екінші орынға көтерілді. Бұл тәуелсіздіктің жемісі. Айтулы мерекеге орай өткізілген салтанатты жиында жеткен жетістіктер сараланып, ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Маңғыстау өңірі бүгінде тоғыз жолдың торабына айналған. Қазақтың екінші теңіз портын іске қосып, дамыту арқылы Еуропаға тікелей жол ашылды. Бір жылға жетпей Құрық портынан миллион тоннадан астам жүк жөнелтілді. Үш бірдей автожол салынды. «Форт-Шевченко-Шетпе», «Жетібай-Жаңаөзен» мен «Бейнеуден Өзбекстан шекарасына дейінгі жолдарды жаңарту жұмысы басталды. Бұл жобаларға 98 млрд теңге бөлінген.

Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде еліміздің 16 қаласында 26 индустриалды жаңа жоба іске қосылды. Оның төртеуі біздің өңірге тиесілі. Өзгелермен салыстырғанда ең көп ашылған нысандар Маңғыстауда екенін Елбасымыздың өзі ерекше атап өтті.

Аймақ басшылары шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша жағдай жасауда. Нәтижесінде облыс республика бойынша 9 айдың ішінде 12-орыннан 2-ші орынға көтерілді. Аймақта биыл 2,5 мың адам жеке кәсібін ашты. Бұл өндірілетін өнім көлемінің ұлғайып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. Бизнесті қолдаудың арқасында өңір кәсіпкерлері 43 млрд теңге қаражат бөліп, елге қажетті әлеуметтік нысандар тұрғызды. Мектеп, емдеу орталықтары, спорт кешені мен 21 ауылда балабақша ашылды.

Ақмоншақ Баужанова, облыстың Құрметті азаматы:

- Тәуелсіздіктің бас кезінде біздің өңірімізде көптеген өндірістік мекеме қызмет жасамай, тұрып қалып, әртүрлі қиындық болған еді. Оны көзімізбен көрдік. Соның барлығы қазір қалыпты жұмыс жасап және көптеген жаңадан кәсіпорын ашылып, инвестиция құрылып, ел үшін, жер үшін қызмет жасап отыр.

Тәуелсіздіктің 26 жылдығына арналған салтанатты шарада өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Шара өнерпаздардың мерекелік концертімен аяқталды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы