389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мереке күндері Астана қонақтары мен тұрғындары үшін тегін экскурсия ұйымдастырылды

  • 698
  • UPD: 22:17, 16.12.2017

Демалысты қалай көңілді әрі қызықты өткізуге болады?

Мереке күндері Астана қонақтары мен тұрғындары үшін тегін экскурсия ұйымдастырылды. Бар болғаны 2 сағаттың ішінде қаланың сол жағалауындағы көрікті жерлерге саяхат жасай аласыз.

Екі қабатты автобусқа отырып, елорданың ең көрікті жерлерімен жүріп өтесіз. Бірақ бұл көлік түрі Астананың ауа райына лайықталмаған. Сол үшін арнайы жылытатын пештері қосулы тұр. Демек, демалыстың сәтті өтуіне қытымыр қыс пен шыңылтыр аяз кедергі келтіре алмайды.

Мерей Байбәкірова, қала тұрғыны:

- Бізге экскурсия ұнап тұр. Бір жағынан Астананың үлкен ғимараттарының қалай салынғандығын, тарихын балаларға, қонақтарға көрсетуге жақсы. Сосын бүгінгі күнгі іс-шаралар өте қызық өтуде.

Тәуелсіздік күніне арналған игі шара бүгін басталып, 19 желтоқсанға дейін жалғасады. Экскурсиялық автобустардың жүру кестесі қала әкімдігінің сайтында жарияланады.

Талант Рамазанов, компания директоры:

- Бағыт-бағдарымыз қаланың даму тарихымен тығыз байланысты. Біз осы тарихты аудио жазба арқылы қызықты етіп жеткізу үшін тарих ғылымдарының докторларын арнайы шақырып, мәтінін жаздық.  Бозоқ қаласынан бастап жаңа Астананың қалыптасу кезеңіне дейінгі аралықты қамтып өттік.

Қаланың тарихы дыбыс жазбасында диалог түрінде берілген. Бұл тіпті балғын балалардың да қызығушылығын оятады. Үнтаспаны қазақ, орыс, ағылшын, түрік, неміс және қытай тілдерінде тыңдауға болады.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Азиза Мақұлбаева, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы