366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ОҚО-дағы ауыл халқы ауызсумен қамтылды

  • 556
  • UPD: 22:01, 18.12.2017

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Жарықбас ауылының тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенелді.

Осы күнге дейін тіршілік нәрін жерасты немесе ашық су көздерінен тасып ішкен жергілікті жұрт таза ауызсумен қамтылды. Енді таза су әр үйдің ауласына келіп тұр.

Жарықбас ауылында жүзден астам түтін бар. Елді мекенде 700-ге жуық халық тұрады. Ауылда бұған дейін ауызсу құбыры тартылмаған. Тұрғындар тіршілік көзін жер асты құдықтарынан тасып ішетін. Енді ол қиындықтар артта қалды. 

Құрманбек Бердалиев, Жарықбас ауылының тұрғыны:

- Су келгелі өте жақсы болып қалды. Үйдің қасында. Біразымыз үйдің ішіне тартып алдық. Елдің атынан шын ниетімізбен ризашылығымызды айтамыз.

Жарықбас тұрғындарына ауызсу жеткізу жұмыстарына облыстық бюджеттен 200 миллион теңге жұмсалған. Бәйдібек ауданында 52 елді мекен бар. Соның 31-іне орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылған. Биыл алты ауылға өмір нәрін жеткізу үшін тиісті құрылыстар жүріп жатыр. 

Бахытбек Танагөзов, Бәйдібек ауданының әкімі:

- Жалпы, ауданда сумен қамтамасыз ету 79 пайыз болатын. Биылғы жылы Бәйдібек ауданында 7 елді мекенде су тартылып жатыр. Оның биылғы жылы төртеуі пайдалануға беріледі.

Бұған қоса 7 елді мекенде газ құбыры тартылып жатыр. Соның бірқатары жуырда көгілдір отын желісіне қосылады.  

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы