387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде қызмет кезінде ерлік жасаған полицейлер мемлекеттік награда алды

  • 780
  • UPD: 18:11, 19.12.2017

Ақтөбелік 3 полиция қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды. Оларға «Ерлігі үшін» медалі салтанатты түрде табыс етілді. Одан бөлек қызметте қырағылық танытып, ісі өзгелерге үлгі болған үздіктерге алғыс жарияланды.

Мемлекеттік наградамен марапатталған Әнуардың жасы жиырма төртте. Қатарластары сияқты ол да полиция қызметкерлерін дайындайтын оқу орнын тәмамдап, қызметке орналасады. 2 жыл бұрын қылмыстық істерді анықтайтын жедел уәкіл болады. «Ерлігі үшін» медалі иесін тапқан. Ол әріптесімен бірге мұздай қаруланған қылмыскерлерді ізін суытпай ұстап, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қасындағы серігі жарақат алды. 

Әнуар Абдуллин, облыстық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі:

- Кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасалатынын алдын ала біліп, сол күні жедел әрекет еттік. Олар пәтерге терезеден кіріп, үй иелеріне қарумен сес көрсетті. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Қылмыскерлер сол жерде ұсталды. Менің әкем полицияда қызмет еткен. Маған жұмысым ұнайды. Бұл ісімді ерлік деп санамаймын, бұл менің міндетім.

Тәуелсіздік мерекесінде қызметін адал атқарған 15 тәртіп сақшысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің алғыс хатын алды. 5 полиция қызметкері «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек ішкі істер саласының жүздеген қызметкеріне мерекелік сыйақы жазылды. Қызмет бабында көз жұмған қызметкерлердің отбасылары да назардан тыс қалмады. 

Жақсылық Нысаналин, облыстық ішкі істер департаментінің мамандармен жұмыс бөлімінің басшысы:

- Қызмет бабында қаза болғандардың отбасы мүшелері бізде ерекше қамқорлыққа алынған. Әрбір мерекелік іс-шараға шақырамыз. Сонымен бірге Ішкі істер министрлігінде әлеуметтік қорғау қоры бар. Сол қорға құжаттар жинап, жақында ғана құжат жинап, материалдық көмек беру жағынан Ішкі істер минстрлігіне жолдадық. 

Жалпы тәуелсіздік жылдары ақтөбелік 24 қызметкер түрлі мемлекеттік наградаларға ұсынылған. 9 сақшы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан. 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы