389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО шаһарларында жылу жүйелері жаңартылып жатыр

  • 904
  • UPD: 08:24, 21.12.2017

Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск қаласының коммуналдық мәселесі шешіле бастады.

«Шағын шаһар» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 1 млрд теңгедей қаржы бөлінген. Биыл қалада 6 шақырымға жуық жылу құбыры ауыстырылып, қазандықтар толық жөнделді. Қазір жеке үйлер де орталық жылу жүйесіне қосылып жатыр.

Бұрын қыс түссе, Серебрянск қаласының тұрғындарынан маза кететін. Жылу және су құбырларында бір қыста 70 рет апат болып, халық қыстай ыстық сусыз отырған жылдар да болған.

Ләззат Сағадиева тұратын көпқабатты үй бұрын орталықтандырылған жылу мен суға мүлде қосылмаған. Баспана бастапқыда от жағатын жүйемен салынған. Дегенмен мемлекеттің шағын шаһарларды дамыту бағдарламасының ескі үйлерге де шапағаты тиді.

Ләззат Сағадиева, Серебрянск қаласының тұрғыны:

- Бұрын от жағатынбаз.Үйге көмір-отын сатып алып, жағып отыратынбыз. Қазір орталық жылуға қосылғалы, батарейлер қол тигізбейтіндей ыстық болып тұр.

Соңғы үш жылда көпқабатты үйлер орталықтандырылған жылуға толық қосылды. Ал жылыту орталығындағы қазандықтар да 1980 жылдары салынған. Жыл сайын жамап-жасқалады. Тек биыл 32 млн теңгеге бір қазандық жөнделді. Дегенмен келер жылы жылыту орталығы толық жаңартылмақ. Жобасы  да дайын тұр. Жөндеу жұмысына  республикалық бюджеттен 219 млн теңге бөлінбек.

Сергей Гордиенко, Серебрянск қаласының әкімі:

- Қосымша төртінші қазандық «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жаңаланады. Ол іске қосылғанда, жылудың қуаты 20 пайызға артатын болады.

Қаладағы 27 шақырым жылу құбырының 60 пайызы ескі. Биыл 6 шақырым құбыр ауыстырылды. Нәтижесінде жылудың үнемділігі бірнеше есеге артқан. Коммуналдық мекеме үш-төрт жыл бұрын тек шығынға батып келсе, бүгінде ол мәселе толық шешілді.

Сергей Фоминых, жылыту орталығының директоры:

- Бес жыл бұрын бізде 20 миллиондай қарыз болған. Орталықты жаңартып, құбырларды ауыстыра бастаған соң жылуға коммерциялық нысандар, жеке үйлер де қосылды. Осылайша қаржылық табысымыз артты. Бүгінде талай жыл жиналып қалған қарыздан да толық құтылдық.

Орталық жылу құбырына қосылатын жеке үйлердің саны да артып келеді. Биыл 600 отбасына жылу берілсе, келер жылы тағы 500 үй қосылмақ. Ең негізгісі тұрғындар көмір жағып, күл шығару әлегінен құтылды.

Андрей Дмитриенко, Серебрянск қаласының тұрғыны:

- Әр қыс сайын алты тонна көмір және 3 текше метр ағаш алатынбыз. Мен үшін бірталай қаржылай салмақ болатын. Сондықтан биыл орталық жылуға қосылдық.

Алдағы екі жылы Серебрянск пен аудан орталығы Зырян қалаларында 39 шақырым жылу құбыры ауыстырылмақ. Ол үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша респуликалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінбек.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы