380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астананы қою түтіннен арылту үшін қаланы газбен жабдықтау мәселесін шешу керек

  • 633
  • UPD: 22:02, 21.12.2017

Бірнеше күннен бері Астана аспанын торлаған қою түтін жұртты әбден әбігерге салды.

Қаптаған көлік пен жылу қазандықтары және жеке тұрғын үйлердегі көмірден шыққан түтін ауаны ластап, көкте «қара түнек» пайда болды. Қазір Астана қалалық әкімдігі осы мәселені шешу жолдарын қолға алды.

Қыс басталса, бораны мен қары әлекке салатын Астана жұртын енді қара түнек мазалай бастады. Өткен демалыс күндері елорда аспаны қою түтінге оранып, адамдардың тыныс алуы қиындап кетті. «Алайда  елордалықтардың денсаулығына алаңдауға еш негіз жоқ», – дейді мамандар. Қазір қалалық әкімдік ауаның ластануына қарсы бірнеше іс-қимыл жоспарын ұсынып отыр.

Мұса Танабаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда кешенді жоспарды жүзеге асыру мақсатында бес жұмыс тобы құрылды. Олар ауаның тазалығына, көліктің ауаға кері әсерін азайту, жеке тұрғын үйлерде қауіпті қалдықтарды өртеудің алдын алу, ағаш отырғызу, су ресурстарына қатысты мәселелерді бақылайды. Қала әкімдігі жаңа нысандардың құрылысы кезінде қатты отындарды жағуға арналған автономды қазандықтарды пайдалануды 2019 жылдан бастап шектеуді ұсынады.

Астанадағы көліктің көптігі де ауаның ластануына кері әсерін тигізсе керекті. Елордадағы 22 мың жеке тұрғын үйде жағылған көмірден шыққан зиянды заттар да көктегі қою түтіннің пайда болуына әсер еткен. Астананы қою түтіннен арылту үшін қаланы газбен жабдықтау мәселесін шешу керек.

Жоспар бойынша, алдағы екі жылда шаһардағы 200 жылу қазандығына газ тартылады. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға тиесілі 58 қазандық та көгілдір отынның игілігін көреді. Ал қаланың ортасындағы оңтүстік-шығыс жеке тұрғын үй ауданына газ тарту мәселесі 2019 жылы толық шешілмек. Тұрғындар үшін газдың бағасы шаршы метріне 35 теңге болады. Ал коммуналдық мекемелер 110 теңгеден төлейді. Жалпы қалада алты газбен жабдықтау станциясы салынуы тиіс.

Бақтыбек Жапаев, қалалық энергетика басқармасының басшысы:

– Біз қазір елорданы газбен жабдықтауды бастап кеттік. 2018 жылы екінші станция салынады. Ол халықаралық әуежай маңында бой көтереді. Станция сол Пригородный елді мекені мен Фэмили Вилладж шағын ауданын және әуежайды газбен қамтамасыз ететін болады. 

Биыл Астанада алғашқы газ станциясы ашылып, Тұран даңғылындағы «Ғарыш сапары» мекемесі мен Назарбаев университетін толықтай газбен қамтыды. Қаңтар айында Қорғаныс университеті де көгілдір отынның қызығын көреді.   

Мәмбетәлі Нарыбайұлы, энергетик:

– Қарашадан бастап қазандықты газға аударғанбыз. Өткен айда 800 мың теңгедей эконом көріп отырмыз. Жылдың аяғына дейін 2,5 млн экономдаймыз. Сонымен қатар ауаға шығаратын зиянды заттар сегіз есе азаятын болды.

Алдағы уақытта Астанадағы 7 нысан газбен жабдықталады. 2018 жылы «Астана-Арена», «Барыс-Арена» және «Алау мұз сарайы» көгілдір отынға қосылады. Қаланың сол жағалауындағы балалар ауруханасына да газ тарту жоспарда бар.

 

Хабар 24 телеарнасы