385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балаңыздың көңіл-күйіне қаншалықты назар аударасыз?

  • 774
  • UPD: 21:59, 21.12.2017

Ұл-қызыңыз айналаны танып-білуге, көргенді көңілге түюге ұмтыла ма, әлде ұйқыға көбірек әуес пе?

Қазір бұл сұрақтар ата-анамен қатар, психолог мамандарды да алаңдата бастады. Себебі бүгінгі қоғамда жасөспірімнің жүйкесіне салмақ түсіретін ақпарат өте көп. Сана-сезімі әлі қалыптаса қоймаған жастардың оны өздігінен сараптай алмайтыны тағы бар. Сондықтан кей мектептерде осы бағытта арнайы тренингтер өткізіліп жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жанат Досжанова – 15 жылдық еңбек өтілі бар психиатр. Бір аптада күйзеліске шалдыққан 10-нан астам жасөспірімді қабылдайды. Маманның айтуынша, олардың барлығына тән ең басты проблема – ересектердің баламен тіл табыса алмауында. Не болмаса, керісінше. Әдетте ата-ана ұл-қызының ұйқыға әуестігін немесе айналаға селқос қарауына аса мән бермейді. Ал бұл – депрессияға алып баратын алғашқы қадамдардың бірі.

Жанат Досжанова, жоғары санатты дәрігер-психиатр:

Сол проблеманы біз уақытылы аңғара бермейміз. Ол уақыт өте келе баланың психологиялық ауытқуларына әкеле береді. Ол бәлкім мінез құлқының бұзылуы, бұзықтық жасау, не болмаса, депрессияға әкеп соғуы мүмкін.

Маманның айтуынша, депрессияның екі түрі бар – жеңіл және күрделі. Алғашқысын бірнеше сеанстың көмегімен емдеуге болады. Ал күйзелістің күрделі түріне ұшыраған бала ауруханадан бір-ақ шығуы мүмкін. Тіпті суицидке итермелеуі ықтимал. «Сондықтан ата-ана балаға көбірек көңіл бөлу керек», – дейді  дәрігер-психиатр. Оның бұл сөзін сегізінші сыныптың оқушысы Бибінұр да растайды.

Бибінұр, оқушы:

– Менің ойымша, ондай адамдарға жақындарынан қолдау керек. Егер жақындарынан қолдау таппаса, достарынан, мұғалімдерінен қолдау іздеуге болады.

Бибінұрдың да мінезі бір кездері тұйық болған. Көп нәрсені ата-анасына айтпай, іштен тынып жүрсе керекті. Тіпті құрбы-құрдастарымен де көп сырласпаған. Оқушы өткен жазда сыныптастарымен бірге арнайы психологиялық тренингке қатысыпты. Нәтижесі көңіл көншітерлік. «Тіпті тренингке жаңадан келгендерге қол ұшымды беремін», – дейді қаршадай қыз.       

Бибінұр, оқушы:

– Сабақтарда отырғанда мұғалімдермен қалай қарым-қатынас жасау керек, денсаулығымызды қалай күту керек, топпен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендік. Және тренингте ойындар болды.

Тренинг – сабақ емес. Мұнда оқушының миына салмақ түсіретін есептер мен тапсырмалар жоқ. Тек баланың айналасындағылармен оңай тіл табысып кетуіне жағдай жасалады.

Ерлан Айтмұхамбетов, қоғамдық қор жетекшісі:

– Қордың ең басты істеп отырғаны – дүниежүзіндегі әлемдік тәжірибелерді зерттеу. Және ол тәжірибелерді Қазақстанның, еліміздің ерекшеліктерін сәйкестендіре отырып енгізу.

Әзірге мұндай тренингтер Астанадан өзге  Ақмола, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында өтеді. Болашақта бірегей бастама еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылатын болады.

Хабар 24 телеарнасы