382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейжіңде Қазақстанның виза орталығы ашылды

  • 495
  • UPD: 23:26, 21.12.2017

Қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болып көрмеген мекемені Сыртқы істер министрлігі ашып отыр.

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, виза беру ісі бәсекелестік ортаға берілді. Сондықтан бұл мекеме Қазақстанға келетін қытайлық туристер үшін аутсорсинг негізінде қызмет көрсетеді. Қытайдың өзге де өлкесінде тұратын өтініш білдірушілер Елшілікке келмей-ақ, осы орталық арқылы жеңілдетілген тәртіпте туристік виза аша алады.

Бейжіңде Қазақстан виза орталығының ашылу салтанаты өтті. Енді Қытай туристері мен кәсіпкерлері Қазақстанға келу рұқсатын жеңілдетілген тәртіпте, бар-жоғы 3-5 күннің аралығында рәсімдемек. Виза орталығының қызметі швейцариялық «TLScontact» компаниясына берілді. Оның әлемдегі 163 мемлекетте осындай орталығы бар. Ал Қытайда Германия, Швейцария, Франция, Венгрия, Кипрға визалық қызмет көрсетеді. Енді осы мемлекеттердің қатарына Орталық Азиядан Қазақстан қосылып отыр.

Вэй Хунтао, ҚХР туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл екі ел көшбасшыларының шешіміне сәйкес, «Қазақстандағы Қытайдың туризм жылының» өткізілгені белгілі. Қос мемлекет арасындағы туристік сапар 500 мың адамға дейін ұлғайды. Енді олардың саны көбейе түспек. Қазақстан Үкіметі виза рәсімдеудің үрдістерін жеңілдету мен жетілдіру бойынша қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр.

Виза орталығына тек әкімшілік-техникалық қызметтер жүктелген. Бұл – құжаттарды қабылдау және тексеру, визалық анкетаны толтыру, консулдық төлем жинау, ақпараттық кеңес беру және дайын құжаттарды тапсыру қызметтері. Ал визаны беру жөніндегі шешім бұрынғыдай Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің құзыретінде қалмақ. 

Ерлан Қожағапанов, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

– Бүгінде туризм саласы мұнайдан кейін ең үлкен табыс әкелетін сала әлемде. Сондықтан біз осы салада өз орынымызды табуымыз керек. Бұл орталықтың ең басты мақсаты екі ел арасындағы туризмді дамыту, туристердің санын көбейту.

Ардақ Мәдиев, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры:

– Туристік саясат, туристік индустрияны дамыту жолындағы істеп жатқан қызметіміз ертеңгі күнде Қазақстанға зор үлесін қоса ма деген үміттеміз. Қытай туристерінің саны көбейген сайын біз өзіміздің ары қарай да басқа қалаларында, провинцияларында қосымша осындай визалық орталықтарды ашылу жоспарланады.

Қазір елімізде Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерінің бірлескен 51 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Виза орталығының іске қосылуы бірінші кезекте Қазақстанға жиі келетін осындай іскер топқа қолайлы болмақ.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй 

Хабар 24 телеарнасы