389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана бойынша пиротехникалық заттарды лицензиясы бар 5 фирма ғана саудалай алады

  • 848
  • UPD: 23:27, 21.12.2017

Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық тауарлардың заңсыз саудасы қыза түсетіні жылдағы үрдіс.

Елорда базарларының бірінде бір тәулікте осындай 800-ден аса тауар тәркіленген. Енді ішкі істер департаменті күн сайын «Пиротехника-2017» жедел алдын алу шарасын өткізіп тұрмақ. Яғни заңды елемей, адам өміріне қауіпті тауарды саудаға салғандар  жауапқа тартылады.

Бұл – Двумар Дауров есімді жігіт. От шашу сатып, оңай олжаға кенелуді көздеген оның базар ортасындағы саудасы көпке созылмады. Полиция қызметкерлерімен тілдесу барысында  әдеттегідей, «ештеңе білмеймін, тек сатушымын», – деп ақталды.

Двумар Дауров, сатушы:

– Барлық сұрақтарға қожайын жауап береді. Мен тек сатушымын. Сондықтан жауап бере алмаймын. Өзіміз бүгін ғана шығып тұрмыз.

Двумардың тауары тәркіленді. Бәрі арнайы полигонға жеткізіліп,  толықтай жойылады. Хош, жалпы Астана қаласы бойынша пиротехникалық затты арнайы лицензиясы бар 5 фирманың саудалауға құқы бар.

Және отшашу далада емес, дүкенде сатылуы тиіс. Оның өзінде кәмелет жасына толмағандарға отшашуды алуға  рұқсат жоқ. Бұған заң жүзінде тиым салынған. Заңды ескермесеңіз,  айтарлықтай  айыппұл  салынады.

Бағлан Қазбеков, Астана қаласы ІІД бөлімше бастығы:

– Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 483-ші бабына сәйкес,  кәсіпкерліктің түріне байланысты 5 айлық көрсеткіштен 45 айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Және тәркіленген заттардың барлығы қайтарылмай, жойылуға өткізіледі.

Өткен жылдармен салыстарғанда, биыл пиротехникалық тауарды заңсыз саудалғандардың қатары анағұрлым  азайған. Әзірге отшашудан шаһарда зардап шеккендер жоқ. Болмасын да! Сол үшін қазір полиция қызметкерлері мектептегі оқушылармен кездесіп, отшашудың қаншалықты қауіпті  екендігін  түсіндіріп жүр. Ал желтоқсанның 19-да басталған «Пиротехника-2017» жедел алдын алу шарасы қаңтардың 3-не дейін жалғасатын болады.

Авторлары: Қорғанбек Төреқожа, Ербол Дайыров

 

Хабар 24 телеарнасы