378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда дәстүрлі Президент шыршасы өтті

  • 500
  • UPD: 20:48, 22.12.2017

Жаңа жылдық думанға облыстың әр түкпірінен 180 бала қатысты.

Олардың барлығы да оқу озаттары, шығармашылық пен спорт саласында жетістікке жеткен дарынды бүлдіршіндер. Биылғы мерекелік кеш елорданың 20 жылдығына арналып, «Асқақ ордам Астана» тақырыбында өрбіді. Аяз ата мен Ақшақар түрлі танымдық ойын ұйымдастырып, жас өрендер бас қаламыз жайлы білімдерін ортаға салды. Бұдан кейін балғындар тауық жылын шығарып салып, есіктен кіргелі тұрған ит жылын қарсы алды. Үлкен экраннан Елбасының құттықтауын мұқият тыңдады.

Сондай-ақ облыс басшысымен бірге шыршаны айнала ән айтып, би билеп, көңіл көтеріп Аяз атаның қоржынынан дәм татып, мәре-сәре болды. Ал театрландырылған қойылым бүлдіршіндерге ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырды. Кеш соңында жиналған барлық балаға планшет пен ойыншықтар және 50 мың теңгенің сертификаты сыйға тартылды.

Бейбарыс Тәшен, мектеп оқушысы:

- Барлық адамды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Қуаныш пен сәттілік тілеймін! Өте қызықты өтіп жатыр. Келесі жылы да осы жерге түссем деген үміттемін.

Феруза Кәрім, мектеп оқушысы:

- Мен барлығына 2018 жылы жақсылық тілеймін! Ешкім ауырмасын. Осы Жаңа жылды жақсы қарсы алсын және барлығы әдемі болып жүре берсін.

Хабар 24 телеарнасы