387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында 60 кооператив жеңілдетілген несиеге қол жеткізді

  • 915
  • UPD: 23:24, 26.12.2017

Мал ұстап отырған ауыл адамдары үшін бірлесіп жұмыс істеу тиімді.

Павлодар облысының Успенка ауданындағы Дмитриевка ауылында жеке шаруалар кооперативке топтасып, модульді сүт қабылдау пунктін ашқан. Бұл қондырғы көп мөлшердегі сүтті салқындатып қана қоймай, оның сапасын тексеруге де мүмкіндік береді.

Вероника Кайстроның қорасы малға толы. Отыз сиыр сауып отырған іскер әйел жаз мезгілінде ауылдастарынан 2 тоннаға дейін сүт жинайды. Модульді сүт қабылдау пункті болмаған кезде өнімді жалға алған танкерлерде сақтапты. Биылғы жылы ауыл тұрғындарын кооперативке бірігуге үгіттеген. Нәтижесінде шағын зертхана, екі тонналық салқындатқышы бар сүт қабылдау бекетіне қол жеткізді.

Вероника Кайстро, «Дмитриевский» АӨК төрағасы:

– Біз сүттің сынамасын алғанда сапасы мен тазалығына жіті мән береміз. Ешқандай қоспалар, антибиотиктер болмауы керек. Майлылығы 4,29. Яғни су мен көксүт қосылмаған. Тығыздығы 28. Яғни бұл бірінші сұрыпты сүтке жатады.

Модульдің құны 4,5 миллион теңге тұрады. Оның жарты сомасын қаржылай қолдау қоры өтейді. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін осындай жеңілдіктер қарастырылған. Кооперативке кіргендердің болашаққа жоспарлары да көп.

Вероника Кайстро, «Дмитриевский» АӨК төрағасы:

– Біз енді сүт өнімдерін өңдеуді қолға алсақ дейміз. Ол мақсатымызды да жүзеге асырамыз. Өйткені қаржылай қолдау қоры үлкен көмек көрсетіп отыр.

2017 жылы өңірде шағын кооперативтердің жұмысына басымдық беріліп, нәтижесінде бірнеше шаруашылықтар құрылған. Бүгінде аймақ бойынша 60 кооператив жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Маралбек Жұмабаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:

– 2017 жылы 9 сүт қабылдау пунктін алуға қаржылай қолдау көрсеттік. 2 мал сою пункті, 10 рефрижератор, 2 сүт таситын машина және жем-шөп дайындайтын 17 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды.

Жаңадан құрылған кооперативтер енді мал тұқымын асылдандырып, өндіріс ауқымын кеңейтуді қолға алмақ. Мұның бәрі ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы