380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астаналық еріктілер жұртшылықты қайырымдылық жасауға шақырады

  • 443
  • UPD: 13:56, 27.12.2017

Бастамашыл топ мүшелері: «Жаңа жылда көпбалалы отбасындағы бүлдіршіндер сыйлықсыз қалмаса екен», дейді.

Астаналық Лаура Жүнісбекова бірнеше жылдан бері ерікті болып жұмыс істейді. Бұл оның өз қалауы. Негізгі кәсібінен бөлек әр жексенбі сайын осында асығады. Ол  тұрғындар әкелген азық-түлік пен киім-кешекті қабылдап ала сала, оны мұқтаж жандарға апарып беруге асығады.

Лаура Жүнісбекова, ерікті:

- Біз әрдайым қол ұшымызды беріп, барынша  көмек көрсетіп келе жатқан отбасылар жетерлік. Олардың бірқатарына тіпті жұмысқа орналасуға қолғабыс еттік. Барлығы да бізбен байланысып тұрады. Әр тәлімгерге он жанұя тиесілі. Менде де он отбасы бар. Біз бұл ретте жұмыс тауып, азық-түлік әкеп берумен шектелмейміз. Барып қалдарын біліп тұрамыз. Міндетті түрде туған күндерінде құттықтап, түрлі тіл үйірер тәттілер де пісіріп береміз.

Ақылбек пен Гүлдәуреннің отбасы еріктілерді қуана қарсы алады. Бұл жанұяда 6 бүлдіршін өсіп келеді. Тұңғыштары 6-сыныпта оқыса, кішісіне екі ай ғана. 8 адам аумағы 20 шаршы метр болатын аядай бір бөлмені жалдап жан бағып отыр. Отағасының табысы күнделікті азыққа бірде жетсе, бірде жетпей қалса керекті.

Гүлдәурен Еңсепова, қала тұрғыны:

- Мен балалармен үйдемін. Ал жолдасымның арнайы білімі жоқ. Нақты жұмысы болмаған соң, сәйкесінше айлығы да тұрақты емес. Бірақ үйде қарап отырған жоқ. Жұмыс таңдамайды. Қолынан келген шаруаны істеп жатыр. Биыл мейірімділер клубы бізге көп көмектесті. Қысқы киімдеріміздің біразын солар әкеліп берді.

Клуб мүшелері көмекке мұқтаж жандарды қолдауға қашан да әзір. Тіпті ондай отбасы балаларының спортпен айналысуына жағдай жасап отыр. Мәселен, Дидар Сәтпаев коррекциялық мектеп тәрбиеленушілерін таэквандодан тегін жаттықтырады.

Дидар Сәтпаев, ерікті:

- Мен осы клубқа мүше болып кіргенімше, көп нәрсенің мәнісін жіті түсінбедім. Жұмыс пен үйдің, жаттығудың арасында уақыт өткізіп жүре беріппін. Еріктілермен бірге отбасыларды аралай бастағанда көмекке зәру жандарды көріп көзқарасым түбегейлі өзгерді. Содан кейін жақсылық жасауға ұмтыла бастадым. Қазір коррекциялық мектепке келетін балаларды жаттықтырамын. Олар да өз қатарластары сияқты спортпен шұғылданса екен деймін.

Жылдан жылға еріктілер саны артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Мереке кезінде олардың жұмысы тіпті қыза түседі. «Дегенмен мұқтаж жандардың барлығына бірдей көңіл бөлуге мүмкіндік болмай жатады», – дейді олар. «Сондықтан қайырымдылық шараларына барша жұрт немқұрайлы қарамай бір адамдай атсалысса», – дейді еріктілер.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы