388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы ақтүтек боран салдарынан жүздеген адам жолда қалды

  • 853
  • UPD: 21:48, 27.12.2017

Жамбыл облысында ауа райы салдарынан Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автомагистралі жабылды.

Шақпақ және Күйік асуларында қатты соққан желден қар көтеріліп, ақтүтек боранға айналған. Полицейлер Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасынан бастап Айша бибі ауылына дейінгі аралықта көлік қозғалысына шектеу қойды. Жүздеген адам жолда қалған. Әулиеата әуежайы таңғы сағат 5-тің шамасында жабылып, тек түс ауа ғана жұмысын қайта бастады.

Көлік қозғалысы Жамбыл ауданынан бастап тоқтатылған. Себебі ары қарай жол жүру мүмкін емес. Ал боран басталмай тұрып өтіп кеткен бірнеше автобус пен ондаған көлік Күйік пен Шақпақ асуларында тұрып қалған. Құтқарушылар 70-тен астам адамды көшіріп, Бауыржан Момышұлы ауылына жеткізді. 100 шақты адам көліктерін тастап кетпейтіндіктерін айтып, көмектен бас тартқан.

Хасен Қосыбаев, облыстық ТЖД бас маманы:

– Күйік, Шақпақ асуларында автокөлік жолдарының учаскелерінде барлау кезінде автокөліктердің 50-ге жуық жиналғанын байқалды. Оқиға орнына Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 19 адамы, 6 бірлік техникасы күштері жұмылдырылды.

Қазір жолды тазарту, құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Сондықтан полицейлер көліктерді Айша бибі ауылының маңында жібермей ұстап тұр. Бұл жүргізушілер мен жолаушылардың наразалығын тудырды.

Серікбай Серкебаев, көлік жүргізушісі:

Жылда осы жер осындай. Жылда! Сонда біз түсінбейміз. Техника деген болмайды ма? Не үшін? Қалай? Сағат екі жарымда келгенбіз. Қанша болды тұрғанымызға.

Қайрат Әлкебаев, жолаушы:

Біздің автобуста бала-шағамен отыр әне. Сыйлықтарымен қонаққа бара жатқандар ғой барлығы. Бала-шаға жылап, шырылдап отыр. Қарындары аш қалды. Білмейміз енді. 8-9 сағат болды.

Автодәліз бойында ұзын сонар кептеліс қалыптасқан. Мұнда түнгі сағат екі жарымнан бастап жол жабық тұр. Қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Сондықтан жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне тамақтанып, жылынып алу үшін жағдай жасалған дейді жергілікті билік өкілдері.

Жалғас Мұртаза, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

Жақын арада ашыла қоймайды-ау. Егер тамақтанамыз, шәй-пәй ішеміз деген халық болса, Айша бибі ауылындағы Орақбай кафесінде, одан кейін Айша бибі ауылында мектепте жағдай жасалды. Халыққа түсіндіріліп айтылды. Бәрі барып, тамақтанып жатыр.

Ал жолаушылардың уәжі мүлдем басқа.

Фархат Ибрагимов, жолаушы:

Ақша жоқ. Кафе-сафеге кірдік. Ақшаның бәрі бітті. Қайда барасың. Бензин жоқ. Солярка жоқ. Тек қана тәуекел ету ғана керек болып тұр.

Азиз Хасанов, жолаушы:

Бір тәуліктей болды күтіп тұрғанымызға. Жолдың жабық екендігі туралы СМС-хабарлама жаңа келді. Ал біз түнгі уақыттан бері тұрмыз. Не жол жоқ, не ешкім ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Біз не істеуіміз керек. Далада қалдық.

Жұрт ешкімнен ештеңе естіген жоқпыз деген соң жағдайды білу үшін мектепке бардық.

Сәуле Маманова, мектеп директорының орынбасары:

Бізге спорт залды дайындаңыздар деді. Акт залында, асхана жағымыз жөндеуден өтіп жатыр. Енді ғана бояп, сырлап бітті. Сондықтан біз ол жаққа кіргізе алмаймыз. Бірақ шайды, ыстық тамақты дайындаңыздар деді, шаруашылық меңгерушісінің өзі азық-түлік алып келуге кетті. Қалай алып келеді солай дайындаймыз.

Жолдың қашан ашылатыны белгісіз. Шектеу қойылған аралықпен өту қауіпті. Алдын ала мәлімет бойынша жол бойында 300-ге жуық көлік тұр. Сондықтан құтқарушылар жұртты жағдайға түсінушілікпен қарауға шақырып жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы