384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында қоныс аударушылар уақытша аялдайтын орталық іске қосылды

  • 533
  • UPD: 07:51, 28.12.2017

Үкімет қаулысымен Павлодар облысы 2016 жылы ішкі қоныс аударушылар мен этникалық қазақтарды қабылдау аймағы болып айқындалған.

Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оралмандар отбасына 50, ішкі қоныс аударушыларға 69 квота бөлген. Бүгінгі таңда мемлекет қаржысы толық игерілді. Ертіс өңіріне көшіп келген отбасылардың барлығы дерлік ауылдық аймақтарға орналасқан. Жаңа жыл қарсаңында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірге қоныс аударған азаматтармен жүздесті.

Ішкі көші-қон бойынша Ертіс өңіріне бес облыстан тұрғындар көшіп келіп жатыр. Бағдарлама халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарын қамтып отыр.

Меруерт Есенбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің жетекшісі:

– Ішкі қоныс аударушылардың басым көпшілігі ауылды аймақтарға орналасып жатыр. Бұл отбасылардың барлығы Үкіметтің қаулысына сәйкес өздерінің жеңілдіктеріне ие болды. Ол – Үкімет тарапынан бөлінген бір реттік материалдық көмек. Қаржының көлемі 35 айлық есептік көрсеткіш шамасында.

Жадыра Әбілдаева Қызылорда облысынан көшіп келген. Қазір Шарбақты ауданында тұрады. Баспанамен қамтамасыз етіліп, тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Жадыра Әбілдаева, қоныс аударушы:

– Бес адамның басына 400 мыңдай ақша алдық. Шарбақтыда тұрғаныма ризамын. Ауа райы да ұнайды. Адамдары да кішіпейіл.

Ал аймаққа көшіп келген этникалық қазақтардың басында күрмеуі қиын мәселе жетерлік. Құжаттары дұрыс болмай, кейбірі әлеуметтік көмектерден қағылған. Бірақ жер бөлу мен баспана алуда туындаған қиындықты облыс басшысы назарға алатын болды. Айта кетерлігі, соңғы кездері Ертіс өңіріне Қытайдағы қандастарымыз көптеп қоныс аударып жатыр.

Болат Зауытұлы, Дүниежүзі қазақтарының РҚБ ПФ төрағасы:

– Қазіргі жағдайда олар құжаттарын бір мекемеге барып аудартады, екінші мекемеде куәландырады. Екі ортада жүріп, екі-үш күн аралықта уақытынан айырылады. Одан кейін келген қандастарымыз толық отбасылық мәліметтердің әкелмеуінен мәселе туындайды. Оның өзі тек көшіп келген адамның жауапкершілігі.

Павлодарда 30 орындық арнайы орталық жұмысын бастады. Онда аймаққа қоныс аударушылар уақытша аялдайтын болады. Құжат мәселесімен жауапты мамандар айналыспақ. Қуанарлық жайт, Павлодар облысына келер жылы 460 отбасы қоныс аударады деп күтілуде. Олардың 380-і ел аумағынан болса, ал 80 отбасы этникалық қазақтарды құрайды. Сонымен өңірдегі халықтың саны 2 мың адамға артады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы