384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тағдыр тәлкегімен мүгедек болып қалған азамат төрт жерде жұмыс істейді

  • 656
  • UPD: 20:13, 28.12.2017

Бәрі де өз қолыңда!

Бұл – тағдыр теперішімен мүгедектер арбасына таңылған, бірақ сонда да жігері жасымаған Арнұр Ысқақовтың өмірлік ұстанымы. Хирург мамандығына оқып жүргенде оқыс жағдайға тап болған ол бүгінде мүлдем басқа салаларда еңбек етуде. Арбаға таңылса да, армандарына адал болып қалған Арнұр қазір төрт жерде жұмыс істейді. Ал оны осыншама жігерлі болуға не итермеледі?

Арнұр Ысқақовтың алғашқы меңгерген мамандығы – хирург. Дәрігерлікті оқып жүргенде оқыстан құлап, жарақаттанады. Қанша ем қабылдағанымен, соңында арбаға таңылады. Дипломын алған соң, денсаулығына байланысты жұмысқа орналаса алмайды. Бірақ мүмкіндігім шектеулі деп мойымапты. Өмірге құштар азамат талпына білді. Осы талабының арқасында әлеуметтану саласы бойынша магистратура бітіріп, қалалық жұмыспен қамту орталығына қызметке орналасты.

Арнұр Ысқақов, Астана қаласының тұрғыны:

- Мүмкіндігі шектеулі азаматардың екі қолға бір күрек табуы қиын. Себебі оларды қайта даярлап, оқыту қажет. Сондықтан өзім сияқты жандардың жағдайын жақсы түсінгендіктен жұмыспен қамту орталығына орналастым.  

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекпен қамту заң жүзінде бекітілген. Бірақ бұл мәселе елімізде әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Ал жұмыспен қамту орталығы өкілдерінің өз статистикасы бар.

Олжас Омар, Астана қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Өткен жылы 158 мүгедектігі бар адамды тұрақты жұмыспен қамтысақ, биыл бұл көрсеткіш 186-ға жетті. Бірталай мүмкіндігі шектеулі жандарды мамандық меңгеруі үшін оқыту курсына жібердік.

Қалауын тапса қар жанар. Бүгінгі кейіпкеріміз Арнұр өз мүмкіндігіне қарамастан бір емес, төрт жерде еңбек етеді. Жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бөлек радио мен телеарнаға орналасыпты. Мақсаты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзі сынды жандардың өткір мәселесін шешу.

Арнұр Ысқақов, Астана қаласының тұрғыны:

- Өзге қалаларды былай қойғанда, елордамыздың өзі жарымжан жандардың талабына сай емес. Сондықтан осы түйткілді шешу үшін телеарнаға орналастым. Нәтиже де баршылық.

Арнұрдың арманы асқақ. «Тек мемлекеттік қызметте емес, кейіпкеріміз алдағы уақытта кәсіпкерлікпен де айналыссам», – деп жүр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан, Серік Қоңырбаев

Хабар 24 телеарнасы