389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа қазандық орнатылады

  • 670
  • UPD: 22:04, 28.12.2017

Ақмола облысының Щучинск қаласында кеше жарылған жылу қазандығы жеке компанияның меншігінде болып шықты.

Нысан сол маңайдағы 5 тұрғын үйге, бас аяғы 40 пәтерге және жеке кеңселерге жылу таратып келген. Қазір олардың бәрі жылусыз отыр. Жарылыс салдарынан 1961 жылы туған жұмысшы қаза тапты.

Виталий Свиридов бұл үйде 4 жыл бойы тұрып келеді. Қария бұрын-соңды осындай олқылық болмағанын айтады. «Қазандық жеке болса да, қысқа ерте қамданып, жылуды уақытында беріп отыратын», – дейді.  

Виталий Свиридов, Щучинск қаласының тұрғыны:

- Жылу әлі жоқ. Жарық та сөніп қалды. Қалың киініп, оранып, өз-өзімді жылытып отырмын. Әкімдік уақытша тұратын орын ұсынған. Бірақ мен барған жоқпын. Жөндейтін шығар деп үміттенемін.

Ал жарылған қазандық міне осы ғимаратта орналасыпты. Бірақ жарылыстың неден шыққанын және оған кім кінәлі екенін әзірге тап басып айту қиын. Дегенмен болжамдар қазандықта будың шамадан тыс жиналуынан немесе құбырларда судың жоқтығынан пайда болуы мүмкін дегенге саяды. Бір белгілісі, қазандықтар ескі емес. Осыдан 4-5 жыл бұрын орнатылған.

Мұрат Ералин, жекеменшік компанияның бас инженері:

- Қазір Астанадан электр қазандықтарын әкеле жатыр. Енді соларды орнатамыз. Бұрынғылар мүлдем жарамай қалды. Түнге дейін жаңа қазандықтарды орнатып боламыз деген ойдамын.

Бегахмет Махметов, Щучинск қаласының әкімі:

- Бізде 6 жерде бар. Сол жерге ұсыныс жасадық. Бірақ ешкім ол жерге бармаймыз деді. Бүгін тағы тұрғын үй инспекциясы бар. Қала әкімінің орынбасары, өзім де 3-4 пәтерге кіріп, барлық 34 пәтерді аралап шықтық.

Сонымен жауаптылар: «Жаңа жылу қазандығы бүгін кешкі сағат 20:00-21:00-ге қарай қалыпқа келтіріледі», – деп сендіріп отыр. Ал аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия құрылды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы